Мемлекет басшысы "Ана тілі" газетіне кең көлемді сұхбат беріп, халықты алаңдатқан мәселелерге жауап берді
"Басты мақсатым – мемлекетіміздің экономикалық әлеуетін, егемендігін және халықаралық аренадағы орнын нығайта түсу". Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Ана тілі" газетіне кең көлемді сұхбат беріп, халықты алаңдатқан мәселерге жауап берді. Президент өткен жылдың саяси және әлеуметтік-экономикалық жетістіктерін қорытындылап, алдағы кезеңге арналған негізгі басымдықтарды белгіледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сұхбат барысында Президент экономикаға қатысты ұстанымын ашып айтты. Тұрақты даму, теңгерімді реформалар және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты шешімдер қабылдауға басымдық беру. Мемлекет басшысы өткен жылы түрлі салада туындаған қиындықтарды және оларды еңсерудің жолдарын атап өтті. Қасым Жомарт Тоқаев экономикалық көрсеткіштің 4 пайыздық өсіміне көңілі толмайтынын жеткізді.
"Үкіметтің міндеті – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және азаматтардың әл-ауқатын жақсарту. Жалпы алғанда, Министрлер кабинеті бұл міндетін орындап отыр. Экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту сияқты бағыттар бойынша былтыр атқарылған жұмыстың нәтижелері жаман емес. Алайда бәрі мінсіз деуге келмейді, проблемалар да бар. Жуық арада Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтеді. Сол кезде жылды қорытындылап, қазіргі мәселелерді талқылап, жаңа жоспарлар жасаймыз. Қазақстанға экономиканың 4 пайыздық өсімі аздық ететіні анық", – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстанның экономикалық моделі қазір күрделі сынақтарды бастан өткеруде. "Әлемдік геосаяси жағдайдың шиеленісуі, табиғи ресурстарға тәуелділік, инфляцияның өсуі және жаһандық дағдарыс экономикаға теріс әсер етіп жатыр" деген Мемлекет басшысы елдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін жүйелі реформаларды жалғастырудың қажет екенін атап өтті.
"Президент 4 пайыздық өсім аздық ететінін айтты. Алдыңғы жылы бізде 5 пайыздан астам өсім болған. Демек экономикамыз кейінге шегеріп барады. Бұл жақсы үдеріс емес. Президенттің 2029 жылға қойған межесі – 450 млрд долларға дейін ішкі өнімді жеткізу. Ал дәл осындай өсіммен біз ондай өсімге қол жеткізе алмайтынымыз түсінікті. Демек өсімді арттыру керек, біріншідіен. Екіншіден, өсіммен қатар, халықтың әлеуметтік жағдайы да жақсару керек, өмір сүру сапасы да артуы тиіс", – деді экономист Мақсат Халық.
Президент қазақ тілінің қоғамдағы рөліне ерекше тоқталды. Мемлекет басшысы жастар арасында ана тілге деген қызығушылық артып, қазақ тілін үйрену сәнді үрдіске айналып келетінін тілге тиек етті. Білім беру саласы елдің тұрақты дамуының негізі екенін айтқан Президент «жаңа мектептер мен балабақшалардың салынуы, заманауи оқу құралдарының енгізілуі осы бағыттағы маңызды қадам» деді. Мұнымен сарапшылар да келісіп, мұғалімдердің мәртебесін арттыру мәселесінің қозғалғанына дән риза.
Жастарды ғылым-білімге қатысты қолдаулары біз үшін үлкен қуаныш, бұдан бөлек биылғы оқу жылында шәкіртақының, зейнетақының және мемлекеттік қызметкерлердің жалақысының өсуі – жақсы жаңалық. Дүниежүзілік стандартқа сай сауалнама жүргізген кезде, еліміздің қазақ тілі 79-орында екенін баса назар қойып айтты. Бұл біздің қазақ тілінің сұраныс тілі ретінде дамуға, ғылым тілі болуына және оның мерейі мен мәртебесін көтеру үшін өте маңызды", – деді философия ғылымдарының докторы Майра Мәлікова.
Сондай-ақ Қасым Жомарт Тоқаев Қаңтар оқиғасын еске алып, оны ел бірлігі мен әділдік үшін сабақ ретінде ғана емес, жаңғыру мен реформалардың басы деп білетінін айтты. Әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету, халықтың мұң-мұқтажына құлақ асу және ашықтық қағидаттарын ұстану – бұл ауыр оқиғаның қайталанбауына кепіл болмақ.
"Қаңтар оқиғасы кезіндегі жаппай тәртіпсіздікті қылмыстық топтар жасағанын естен шығармаған жөн. Мемлекет ұйымдасқан қылмыспен ымырасыз күрес жүргізуге шамасы жететінін соңғы екі жылда анық көрсетті. Аса қауіпті қылмыстық топтар әшкереленіп, құрықталып жатыр. Олардың сыбайластары мен қаржы көздері де анықталып отыр. Былтыр 246 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде ұйымдасқан қылмыстық топтардың 30 басшысы бар. Бұл жұмысты мен ерекше бақылауда ұстап отырмын", – деді Мемлекет басшысы.
Президент атап өткендей, бір ай бұрын 2025–2027 жылдарға арналған республикалық бюджет қабылданды. Елдің дамуы үшін маңызды құжатта әлеуметтік салаға басымдық берілген. Онда денсаулық сақтау, білім беру және халықтың әл-ауқатын дамытуға қомақты қаржы қарастырылып, бағыттардағы қолдаудың жаңа деңгейі қамтамасыз етілді.
Әйкерім Пернебек, Алмат Ілиясов
Оқи отырыңыз: Президент сұхбатында түрлі салаға қатысты мәселелер жан-жақты қамтылды - дінтанушы