Ел астанасында 100-ден астам мәдени-бұқаралық, спорттық және әлеуметтік іс-шара өткізіліп жатыр
Астанада Республика күніне орай 100-ден астам мәдени-бұқаралық, спорттық және әлеуметтік іс-шара өткізіліп жатыр. Сондай-ақ автошеру мен көрмелер, балаларға арналған экскурсиялар ұйымдастырылған, деп хабарлайды Almaty.tv
Ұлттық мейрам арқаның төрінде айрықша өтіп жатыр. Дәстүрлі түрде тұрғындар балкондарға ту іліп, мемлекеттік атрибутқа құрмет көрсетті. Көк байрағымызды Республика даңғылы секілді бірнеше ірі көшелерде барлық үйдің қабырғасынан байқадық. Астананың орталық алаңында мерекелік концерт басталды. Эстрада жұлдыздары ән салып, мың бұралған бишілер өнерін көрсетеді. Бірнеше спорт түрінен жарыстар ұйымдастырылған.
Бас қалады бас-аяғы жүзден астам іс-шара өтіп жатыр. Сахнаның ту сыртында білекті батырлар қол күрестіріп, мергендердің асық атудан жарысып жатқанын да көз көрді. Алып күш иелері гір көтеріп те сайысқа түсуде.
Елордада бірнеше аулалардың ашылуы болды. Жаңартылған ойын алаңдары, спортпен шұғылданатын аумақтар салтанатты түрде ашылды. Ұлттық мереке күні Астана әкімдігі әлеуметтік осал топтағы жандарға 1 мың азық-түлік себетін таратты.
Ал кешке мерекеге орай отшашу болады деп жоспарланғанын да айта кетейік.