Республика күні дүниеге келген егіз шекарашы болашақ арманын айтты

25.10.2024 15:43

Олар келер айда салтанатты ант тапсыру рәсіміне қатысады

Еліміз тәуелсіздік алғалы шекарамыз мығым. Шегелеп бекітіп берген аумақты күзету шекарашылардың құзыретінде. Сондай үлкен жауапкершілікті арқалап жүрген егіз сарбаз Республика күні дүниеге келген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Егіздер Каспийдің Ақтауға қарасты бөлігін қорғайды. Олар – Отан алдындағы борышын өтеп жүрген шекара флотындағы матростар Иса мен Мұса. Биыл колледж бітірген ағайындылар жұбы жазылмастан әскерге қабылданған. Қазір олар жағалау күзеті дивизионында мерзімді қызмет атқарады.

Иса мен Мұсаны бірге жүрген әріптестері жиі шатастырады. Қос сарбаз шет тілін үйренуге де әуес. Қолдары қызметтен сәл босай қалса, бос уақытын өзге тілді үйренуге арнайды. Олар ағылшын, испан және француз тілдерін едәуір жаттап алған.

"Бразилия мен Нигерияда достарым бар.Мен олармен сөйлесу арқылы тілдік барьерімді күшейттім. Қатарлас жауынгерлер маған қызығып жүр. Кітабым бар, оларды ағылшын тіліне үйреткім келеді. Армиядан соң шенген визасын алып, Еуропаға оқуға кетуді жоспарлап жүрміз", – деді матрос Иса Тұрдыбай.

Шекараны күзету – ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Егіз матростар қызмет қызықты болғанымен, қиындығын да жасырмайды. Олардың айтуынша, мол тәжірибе қажет. Теңіздегі шекара қызметінің қыр-сырын меңгеріп жүрген жас матростар жауынгерлік кемеге бармас бұрын, оқу орталығында біліктілік арттыру курсынан өткен. Мұнда олар өрт сөндіру, қарсыласқа төтеп беру және су көлігін жөндеу тапсырмаларын орындайды.

"Матрос болуды бала күнімнен армандадым. Ақтауда дүниеге келген соң әскери борышымызды Каспий теңізінде өтеу – міндет. Колледжде жүрген уақытта бауырыммен бірге қонақүйде жұмыс істедік. Шетелдіктермен күнде сөйлесуіміз сөздік қорды молайта түсті", – деді матрос Мұса Тұрдыбай.

"Егіздерді бірінен-бірін ажыратпай, бір кемеге жіберуді шештік. Жаттығу сабақтары 3 айға жалғасады. Бұдан соң матростар теңіз шекара флотына бөлінеді. Биыл күзгі шақырту кезінде Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Түркістан, Маңғыстау өңірінен 208 адам әскерге шақыртылды", – деді ҚР ҰҚК ШК жағалау күзеті №1 дивизион командирінің орынбасары Қуандық Қайырлетов.

Егіз матростар 25 қазан – Республика күнінде жиырма жасқа толды. Келер айда салтанатты ант тапсыру рәсіміне қатысады. Содан соң қос бауыр ресми түрде әскери теңізші атанбақ.

Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрболатұлы, Маңғыстау облысы

Оқи отырыңыз: Биғали Әбдікерұлы ел егемендігі айқындалған сәтті еске алды