Тиісті органдар әйелді ата-ана құқығынан айыру мәселесін қарап жатыр
Шымкентте жаға ұстатарлық жағдай. 30 жастағы әйел туған балаларын аяусыз ұрып-соғып, денесін үтікпен күйдірген. Анасынан зәбір көрген ұл мен қыз қазір ауруханада жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Туған анасынан адам шошырлық қорлық көрген балалардың бірі он жаста, екіншісі сегізде. Шешесі оларды аяусыз сабап қана қоймай, денесіне үтік басқан. Тіпті, пешке де күйдіріпті.
«Қыздың шашын алған, баланың шашын ортасынан арқаға қарай алған. Екі жанында шашы тұр. Баланың аузына шаныштқыны қыздырып басқан. Балалар өзіне келіп сөйлеп жатыр. Білмеймін, айуандық», – деді балалардың туысы
Осындай қатігездікке барған келіншектің бұдан бөлек тағы екі баласы бар екен. Ол осыдан үш жыл бұрын күйеуімен ажырасып, кейін қайта татуласыпты. Ал бұл сұмдық жағдай жолдасы өткен айда шетелге жұмысқа кеткеннен кейін басталған көрінеді.
«Менің жүрегім ауырып жатыр. Баласын шеше осылай қорламайды. Олардың тірі қалғанына таңқалып отырмыз. «Ене, мен баға алмаймын, асырай алмай жатырмын. Алып кет» деп айтай ма?» – деді балалардың туысы.
Қазір бұл жағдайды тиісті органдар бақылауға алған. Олар істің ақ-қарасын анықтап, әйелді ата-ана құқығынан айыру мәселесін қарап жатыр.
«Анасына қатысты Шымкент қаласы ПД-нің Абай АПБ-да қылмыстық іс тіркеліп, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу амалдарын Айжан Ізбасқановна уәкіл ретінде толық өзінің бақылауында ұстап отыр. Алдағы уақытта қандай шешім шығатыны сот арқылы анықталатын болады», – деді Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдің көмекшісі Абай Пахынбетов.
Бүгінде зорлық көрген балалар әжесінің қасында, ауруханада емделіп жатыр. Одан кейінгі үш және бір жасар қос бүлдіршін «сәбилер үйіне» орналастырылған. Енді туыстары балақайларды анасына бермей, қамқорлығына алуды көздеп отыр.
Лаура Бабас, Абзал Тұрабеков, Шымкенттен
Оқи отырыңыз: Жамбыл облысында 5 ауылды ауданмен байланыстыратын көпір құлауы мүмкін