Белбұлақ ауылдық округінің әкімдігі жағымсыз иіс жайлы білмейді
«Өлексе иісіне тұншығып отырмыз» деген тұздыбастаулықтар шіліңгір шілдедегі ауылдың ахуалына арыз айтты. Қолаңса иістен ауа жұта алмай, қала берді тіршілік нәрінен қағылған олар жылдарға жалғасқан мәселенің шешімін іздеп әлек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тұздыбастау ауылының тұрғындарының қолқасын қапқан жағымсыз иіс дәл осы жақтан шығып жатыр. Халықтың айтуынша бұл маңайда осындай 3 мекеме бар. Бірнеше жыл бұрын мал асырайтын шаруашылықтарға малдарды көшіру жөнінде нұсқама берілген. Бірақ талапты ешкім орындамаған көрінеді.
Елдімекен халқы далаға шығудан қалып, таза ауа жұту мұңға айналғанын айтты. Сасық иістен кейбірінің денсаулығы сыр беріп, жиі ауыратын болған.
«Қидың иісін білеміз ғой, ауылда өскенбіз. Өлексенің иісі мүлде бөлек. Сасыған кезде кешкісін демалу мүмкін емес», – деді Тұздыбастау ауылының тұрғыны Амангелді Текесбаев.
Жұрттың айтуынша, қазір аталған ауылдың іргесінде үш бірдей мал шаруашылығы жұмыс істейді, оның екеуі жануарларды соятын орын. Олардан шығатын жағымсыз иіс әсіресе кешкісін күшейіп, ауыл-аймақты жайлайды. Иісі қолқаны қапқан қолаңса иістен мазасы қашқан жұрт топ құрып, әкімдікке талай хат жазып, әрекет етуді сұраған. Бірақ жергілікті билік өкілдері құрғақ уәдемен шектеліп келген көрінеді. Оған қоса, халық шағымданып отырған қоралар Белбұлақ ауылына қарайды. Сондықтан жауаптылар мәселені бір-біріне сілтеп, істі созбалаңға салған.
«Екі жыл бұрын мал ұстамайсыңдар деп қолдарына құжат берген, бірақ әлі біраз малдары бар. Әлі де ұстап отыр. Жаман иіс шығады», – деді Тұздыбастау ауылының тұрғыны Тілеуберді Жұманов.
Тұздыбастаудың түйткілі тек қолаңсада емес. Биылғы шіліңгір шілдеде ауыл тұрғындары апталап ауыз сусыз отырды. Су тек түнде беріліп, күндіз құбыр құрғап қалған.
«Әу баста 6 күн қатарынан күндіз суды жоө болды. Түнде ағады да, күндіз тоқтап қалады. Енді жұмыс істегеннен кейін терімізді жуып, бір шөлімізді басып, шай қайнатып ішейік десек су болмай қалды. Түнде ақты, кірімізді түнде жудық», – деді Тұздыбастау ауылының тұрғыны Эльмира Шойбекова.
Жергілікті билік жуырда ауылды қосымша су көзіне қосқанын айтты. Бірақ бұл да тек уақытша шара. Өйткені су елдімекен тұрғындарына жетіспейді. Сондықтан «жыл соңына дейін жүйені толық ауыстыру жобасы сараптамадан өтеді» деп сендірді. Ал оның іске қосылуы 2026 жылға жоспарланған.
«Судың мәселесі бойынша су тапшылығы болды. Басқа су құбырына қосылып, су берілді. Тұздыбастау ауылы бойынша су құбырын ауыстыру жоспарда бар», – деді Тұздыбастау ауылдық округі әкімінің орынбасары Гауһар Билибаева
Ал Белбұлақ ауылдық округінің әкімдігі жағымсыз иіс жайлы алғаш рет бізден естігенін айтты. Билік өкілдері тілшілер алдында ғана «сараптама тағайындау үшін тиісті органдарға хат жолдаймыз» деп уәде етті. Бірақ елдің сенімі селкеу.
«Экологтарға хат жолдаймыз. Қанша мал ұстауға болады? Білеміз. Бұл мәселенің барын білмедім. Қазір естіп отырмын», – деді Белбұлақ ауылдық округі әкімінің міндетін уақытша атқарушы Гауһар Әмірханова.
Тұздыбастаудағы тұралап тұрған мәселе бұл ғана емес. Үйлердің маңына бейберекет төгілген құрылыс қалдықтары да ауылдың ажарын қашырып, жағдайды ушықтыра түскен. Енді халық әкімдік ұйымдастыратын сараптама нәтижесін күтіп, шаруашылықтардың жұмысын заңға сәйкес тексерістен өткізуді сұрап отыр.
Әйкерім Пернебек, Хангелді Ахметхан, Алматы облысы
Оқи отырыңыз: Балалар арбасы, самакот: Көпқабатты тұрғын үйдің кіреберісінде қойылатын заттарға айыппұл салынады