Ел бойынша инфекциялық стационарларда 7 мыңнан астам төсек-орын дайындалған
«Дене қызуы көтеріліп, жөтел басылмайды». Соңғы кездері әлеуметтік желіде вирустық инфекция өршіп, көбіне балалар сырқаттанып жатыр деген жазбалар тарай бастады. Денсаулық сақтау министрлігі бұл –маусымдық құбылыс екенін айтып, елдегі жағдайды қалыпты деп бағалап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бейнежазбадан ата-аналардың ауруханада кезекте тұрғанын көруге болады. Автордың сөзінше, баласын дәрігерге көрсету үшін 3 сағаттай күткен. Әлеуметтік желіде «баламның ыстығы 39 градусқа дейін көтерілді, жөтелі басылмай тұр» деген жазбалар жиілеген. Қала тұрғыны Фариза Сабыржанова да екі баласының жіті респираторлық вирустық инфекциямен қатар ауырғанын айтты.
«Екі балам бірден ауырды. Температура 40-тан түспейді. Бірнеше күн қатарынан ауырды. Екі сағат бойы кіре алмадық. Орын жоқ мүлдем, бір палатада 5 ата-ана жаттық», – деді қала тұрғыны Фариза Сабыржанова.
Ал Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті жағдайды қалыпты маусымдық құбылыс деп түсіндірді. Айтуынша, қыркүйек айынан бері елде жедел респираторлық вирустық инфекцияның 1 миллион 278 мыңнан астам жағдайы тіркелген. Оның шамамен 750 мыңы 14 жасқа дейінгі балалар арасында анықталған. Дегенмен, бұл өткен жылмен салыстырғанда 19 пайызға аз екен. Мамандардың айтуынша, мұндай вирустық аурулар кезеңі әдетте қыркүйектен келесі жылдың мамырына дейін жалғасады.
«Эпидемиологиялық кезең 1 мамырға дейін созылады. Осы кезеңде түрлі респираторлық вирустар, тұмаудың эпидемиялық көтерілімі, жоғарлауы байқалады. Ауа температурасы күрт төмендеп, адамдар барынша ашық далада жүргеннен көрі жабық ғимараттарда отырады. Бір-бірімен байланысқа түсудің тәуекелділігі жоғары жерлерде түрлі вирус, тұмау, инфекцияның барлығы осы жерлерде белең алады», – деді ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы Жасұлан Алпысбаев.
Ел бойынша инфекциялық стационарларда 7 мыңнан астам төсек-орын дайындалған. Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері барлығы толып кетті деген ақпаратты жоққа шығарды. Ведомствоның мәліметінше, тұрғындардың сағаттап кезек күтуіне ондағы тазалық пен дезинфекция жұмыстарының ұзақтығы себеп.
«Ауырған адам жатқан жерлердің бәрі толықтай залалсыздандырылады. Осы деңгейде әрине 2-3 сағаттың деңгейінде ол жерге кіруге, пациентті жатқызуға болмайды. Адамдардың күтіп қалуы немесе кіре алмай қалуынан түсінбеушілік туындаған шығар. Ал шын мәнінде «Қазақстанда орын жоқ, бәрі толып кетті» деген қауесет», – деді ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы Жасұлан Алпысбаев.
Мамандардың айтуынша, инфекциялық кезеңде тұмауға қарсы екпе алу – аурудың алдын алудың ең тиімді жолы. Сонымен қатар адам көп жиналатын орындарға барудан бас тарту, үй-жайды жиі желдетіп, ауаны ылғалдандырып отыру да маңызды. Мұндай қарапайым сақтық шаралары вирустың таралуына жол бермейді.
Мәди Бижан, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Астана