Қазақтың тұңғыш кәсіби бишісінің бұрын жарияланбаған сирек бейнематериалы табылды

13.11.2025 20:51

Шара Жиенқұлова 1934 жылы М. Әуезовтің «Айман – Шолпан» спектаклінде билеп шыққан

Видеодан кадр

Қазақтың алғашқы кәсіби бишісі, Қазақстанның халық әртісі Шара Жиенқұлованың сирек бейнематериалы «Архив-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында Ресей Федерациясының Красногорск қаласындағы Ресей мемлекеттік кинофотоқұжаттар архивінен табылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, бишінің «Бипыл» халық әніне мың бұрала билеген бейнежазбасы Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары архивінде сақтаулы.

«Сараптау нәтижесінде бейнематериалдың 1958 жылғы 21 желтоқсанда өткен Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігінің қорытынды концерті кезінде түсірілгені белгілі болды.

Аталған онкүндік - қазақ халқының мәдениеті мен өнерін бүкіл Кеңес Одағына танытқан алғашқы ірі мәдени оқиғалардың бірі саналады», - делінген хабарламада.

1934 жылы Шара Жиенқұлова М. Әуезовтің «Айман – Шолпан» спектаклінде тұңғыш рет қазақтың «Келіншек» атты ұлттық биін билеп шыққан. Сондай-ақ Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек», «Жалбыр» және «Ер Тарғын» операларында ұлттық биді кеңінен танытып, қазақ сахнасының символына айналды.

Оқи отырыңыз: Мароккомен қылмыстық құқық мәселесі бойынша келісім: Президент заңға қол қойды