Депутат Қазақстанға кіретін шетелдік автокөліктерге ақылы рәсімдер енгізуді ұсынды

03.06.2026 16:43

Кейінгі бір жылда Қазақстан шекарасынан Қытайдың 8 мыңнан астам автокөлігі өткен

Қазақстанда Қытайдың мемлекеттік нөмірімен жүретін автокөліктер көбейе бастаған. Өйткені екі ел арасында автотуризм қарқынды дамып келеді. Депутат Болатбек Нажметдинұлы кейінгі бір жылда қазақ шекарасына 8 мыңнан астам темір тұлпар кіргенін айттты, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Оның сөзінше, тараптар арасында көлікпен саяхаттайтындарға қойылатын талаптарда теңгерімсіздік бар. Мәселен, қазақстандық көлік Қытайға кіргенде құны шамамен 560 мың теңге болатын бірнеше рәсімнен өтсе, көршінің көліктері Қазақстанда уақытша әкелу рәсімін тегін жасатады. Осыған байланысты ол Премьер-министр Олжас Бектеновке сауал жолдап, шетелдік көліктерді бақылау, айыппұл өндіру, сақтандыру және уақытша тіркеу тетіктерінің тиімділігін қарауды ұсынды. Мәжілісмен бірқатар мемлекет мұндай рәсімдерден табыс табатынын айтып, біздің ел де осындай тәсілді қолданса, бюджет пен қызмет көрсетуші инфрақұрылымға шамамен 5 миллиард теңге қосымша түсім түсуі мүмкін деп отыр.

«Әңгіме туризмді шектеу туралы емес. Мәселе тең құқықтық тәсіл, қауіпсіздік, бақылау және мемлекеттік шығындардың өтелуі туралы көтерілді. Осыған байланысты Қазақстан аумағына кіретін шетелдік автокөліктер бойынша мемлекеттік шығындарға талдау жүргізуді, уақытша тіркеу, қауіпсіздік мақсатында уақытша нөмір және әкімшілік алымдар енгізу мәселесін қарауды, Қазақстан азаматтарына Қытай тарапы қолданатын талаптарға сәйкес келетін теңгерімді тәсіл әзірлеуді сұраймын», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Болатбек Нажметдинұлы.

Оқи отырыңыз: Қазақстан мен Кипр серіктестіктің жаңа кезеңіне қадам басты