Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметі хабарлады
Мәжіліс кейбір заңнамалық актілерге экологиялық мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулары енгізу туралы депутаттық заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Түзетулер экология саласын цифрландыруға және қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйі туралы бірыңғай ақпараттық жүйенің жұмыс істеу тәртібін айқындауға бағытталған.
Құжатта сондай-ақ қайталама көміртегі нарығындағы сауданы реттеу, қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру және өндірушілер мен импорттаушылардың кеңейтілген міндеттемелері қағидатын іске асыру көзделген.
Бұдан бөлек, Ұлттық гидрометеорологиялық қызметтің жұмысын, сондай-ақ мемлекеттік экологиялық сараптама мен қоғамдық тыңдауларды өткізу мәселелерін жетілдіру ұсынылады. Жұмыс барысында депутаттар құжатқа бірқатар қосымша түзету енгізді.
Атап айтқанда, теңіздегі барлауды қоспағанда, инвестициялық жобалар мен көмірсутекті барлау жобалары үшін экологиялық рұқсат пен қорытынды алу мерзімдерін қысқарту ұсынылады. Көмірсутекті барлау, сондай-ақ магистральдық құбыржолдар арқылы газды, газдың қайта өңделген өнімдерін, мұнай мен мұнай өнімдерін тасымалдау қызметі І санаттағы объектілерден ІІ санаттағы объектілерге ауыстырылады.
Түзетулер бойынша қалдықтарды басқару және қайталама ресурстарды өңдеу жүйесін ұйымдастыру-техникалық және ақпараттық қамтамасыз ету тәртібін бекіту бойынша уәкілетті органның құзыреттері бекітіледі.
Сондай-ақ БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы аясында Париж келісімінің 6-бабының нарықтағы тетіктерін іске асыру қағидалары мен климаттық қаржыландыру қағидаларын бекіту бойынша құзыреттер нақтыланады.
Бұдан бөлек, ауылдар, кенттер мен ауылдық округтер әкімдіктерінің коммуналдық қалдықтарды жинау, сұрыптау және көму орындарын ұйымдастыру бойынша құзыретін бекіту ұсынылады.
Оқи отырыңыз: Қазақстан мен Ресей қылмыскерлерді іздестіру бағытында өзара іс-қимылды күшейтті