Құжат Құрылтай депутаттарының қызметін реттейді
Құрылтай Регламенті Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының нормаларына және «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға сәйкес әзірленді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Құжат Құрылтай депутаттарының қызметін реттейді. Регламент – Құрылтай қызметін ұйымдастыруды айқындайтын кешенді құжат. Ол Қазақстан Республикасы Парламентінің және оның Палаталарының бұрын қолданыста болған регламенттері негізінде әзірленді.
Құрылтайдың бір палаталы моделін және оның конституциялық өкілеттіктерінің жаңа жүйесін ескере отырып, отырыстарды өткізу тәртібі біріздендірілді, ал терминология жаңа Конституцияға сәйкестендірілді.
Құрылтайда заң жобаларын қарау тәртібі айтарлықтай өзгертілді. Заң жобаларын қараудың үш кезеңді моделі белгіленді.
Бұл ретте халықаралық шарттарды ратификациялау (денонсациялау) екі оқылымда қаралады.
Жаңа конституциялық орган – Қазақстан Халық Кеңесімен өзара іс-әрекет жасау тәртібі жеке регламенттелді. Оның өкілдері өз өкілеттіктеріне жатқызылған мәселелер бойынша тыңдауларға, тұрақты комитеттер мен жұмыс топтарының отырыстарына қатысуға құқылы.
Сондай-ақ депутаттық әдеп қағидалары мен Әдеп жөніндегі кеңестің қызметін ұйымдастыру тәртібі жеке айқындалады.
Қорытынды ережелер Құрылтай қызметінің басталуы кезінде заңнамалық процестің үздіксіздігін қамтамасыз етеді.
Бұған дейін Мәжіліске енгізілген заң жобаларын Құрылтай жаңа Регламенттің қағидалары бойынша қарауды жалғастырады.
Осылайша, құқықтық сабақтастық сақталып, Парламенттің екі палаталы моделінен бірыңғай Құрылтай қызметіне ұйымдасқан түрде көшу қамтамасыз етіледі.
Оқи отырыңыз: Алматыда Қазақстан мен Францияның мәдени ынтымақтастық жобалары таныстырылды