Өркениеттерді тоғыстырған диалог: Бішкекте ШЫҰ-ның 25 жылдығына арналған халықаралық форум өтті

Международный коммуникационный центр «Учжоу»
Международный коммуникационный центр «Учжоу»

Іс-шара ұйымның мерейтойлық жылындағы ең маңызды гуманитарлық оқиғалардың біріне айналды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қырғыз Республикасының Ұлттық тарихи музейінде Шанхай ынтымақтастық ұйымының 25 жылдығына арналған «ШЫҰ елдерінің өркениеттер диалогы – 2026» халықаралық форумы өтті. Іс-шараны «Учжоу» халықаралық коммуникация орталығы ұйымдастырды. Форум бір алаңда ШЫҰ-ға мүше елдердің мемлекет қайраткерлерінің, дипломаттардың, ғалымдардың, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің және сарапшылар қауымдастығының басын қосты, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Форум ұйымның мерейтойлық жылындағы ең маңызды гуманитарлық іс-шаралардың бірі болды. Ол жаһандық сын-қатерлер жағдайында ашық диалог, мәдени әралуандылықты құрметтеу және гуманитарлық байланыстарды нығайту тұрақты даму мен халықаралық ынтымақтастықтың басты негізі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Форум қатысушыларына арнап Қырғыз Республикасы Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Ұлан Маматқанов құттықтау сөз сөйледі. Ол форумның Бішкекте өтуінің символдық мәні бар екенін атап өтті. Себебі Қырғызстан ШЫҰ-ның 25 жылдығы тұсында ұйымға төрағалық етіп отыр.

«Бүгінде әлем күрделі геосаяси өзгерістер кезеңін бастан өткеріп жатқан кезде мемлекеттердің бір-бірін тыңдай білуі, өзара сенімді нығайтып, ортақ мәселелердің шешімін бірлесіп іздеуі ерекше маңызға ие. Ширек ғасыр бойы ШЫҰ елдерінің ынтымақтастығының негізі болып келе жатқан "Шанхай рухының" басты құндылығы да осында», – деді Ұлан Маматқанов.

Форумның құрметті қонағы Қырғыз Республикасының бұрынғы президенті Роза Отынбаева болды. Ол өз сөзінде ШЫҰ тарихы тек саяси ықпалдастықтың ғана емес, халықтар арасындағы сенім кеңістігін қалыптастырудың да үлгісі екенін айтты.

«Өркениеттер арасындағы диалогты адамдар жүргізеді. Сондықтан жастарға, білімге, мәдениетке және гуманитарлық алмасуларға ерекше көңіл бөлу қажет. Дәл осы бағыттар елдер арасындағы сенімді ондаған жылдарға қалыптастырады», – деді Роза Отынбаева.

Сондай-ақ ол студенттер мен жас зерттеушілерге ұйымға мүше мемлекеттердің тілін, тарихын және мәдениетін зерделеуге мүмкіндік беретін ШЫҰ Өркениеттерінің стипендиялық қорын құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Оның айтуынша, бұл өзара ынтымақтастық пен түсіністікке бағдарланған жаңа буын мамандарын даярлауға ықпал етеді.

Форумға Қытай Халық Республикасының Қырғыз Республикасындағы елшілігінің басшысы, «Учжоу» халықаралық коммуникация орталығының жауапты өкілі, Қырғыз Республикасының Ұлттық телерадио корпорациясының бас директоры Ұланбек Сатиев, Қытайдың Мемлекеттік ақпарат бюросының, ШЫҰ хатшылығының өкілдері, Орталық Азиядағы жетекші жоғары оқу орындарының мамандары, сондай-ақ Қазақстан, Өзбекстан, Ресей, Беларусь және Тәжікстаннан келген журналистер мен бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары қатысты.

Пленарлық отырыста сөз сөйлеген Қытай тарапының өкілдері гуманитарлық ынтымақтастықтың ШЫҰ дамуының негізгі бағыттарының біріне айналып келе жатқанын айтты. Олардың пікірінше, мәдениеттерді өзара құрметтеу, академиялық және ақпараттық алмасуды кеңейту, сондай-ақ білім беру мен медиа саласындағы бірлескен жобалар мемлекеттер арасындағы сенімді нығайтып, ұзақ мерзімді әріптестіктің берік негізін қалайды.

Форумда бұқаралық ақпарат құралдарының халықаралық ақпараттық күн тәртібін объективті қалыптастырудағы рөліне де ерекше назар аударылды. ШЫҰ елдеріндегі жетекші медиақұрылымдардың басшылары кәсіби тәжірибе алмасуды кеңейту, бірлескен медиажобаларды іске асыру және жалған ақпаратқа қарсы тұра алатын ақпараттық ынтымақтастықты дамыту қажеттігін атап өтті. Бұл халықтардың өзара түсіністігін нығайтуға мүмкіндік береді.

Орталық Азия университеттерінің өкілдері ғылыми ынтымақтастықты, академиялық ұтқырлықты, бірлескен зерттеулерді дамыту және өңірлік интеграция жағдайында тиімді жұмыс істей алатын жаңа буын мамандарын даярлау мәселелерін талқылады.

Форум аясында ұйымға мүше мемлекеттердің тарихы мен мәдени мұрасына арналған көрмелер мен таныстырылымдар ұйымдастырылды. ШЫҰ елдерінің мәдени әралуандығын және өркениеттер диалогының қазіргі халықаралық ынтымақтастықтағы маңызын көрсететін экспозициялар қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырды.

Форум қорытындысы бойынша қатысушылар гуманитарлық саладағы өзара іс-қимылды нығайтуға, бұқаралық ақпарат құралдары, ғылыми және білім беру мекемелері арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге, сондай-ақ қоғамдық дипломатияны дамытуға бағытталған бастамаларды қолдауға ниетті екенін растады.

«ШЫҰ елдерінің өркениеттер диалогы – 2026» форумы тек пікір алмасу алаңы ғана емес, халықтар арасындағы сенімді нығайтуға және Шанхай ынтымақтастық ұйымының гуманитарлық өлшемінің дамуына жаңа серпін беретін идеялар мен бастамаларды қалыптастыратын маңызды кеңістікке айналды. ШЫҰ-ның мерейтойлық жылында Бішкек Еуразиядағы халықаралық диалогтың негізгі орталықтарының бірі ретіндегі рөлін тағы да дәлелдеді.

Оқи отырыңыз: Президент Қытайдың жетекші компанияларының басшыларымен кездесті