Дифтерия қандай ауру және одан қалай қорғануға болады
Мамандар вакцинацияның маңызын еске салды
Дифтерия – тыныс алу жолдарын зақымдап, ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін қауіпті жұқпалы ауру. Денсаулық сақтау саласының мамандары одан қорғанудың ең тиімді жолы вакцинация екенін еске салды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Дифтерия – бактериялық инфекция. Ауру көбіне тамақ пен тыныс алу жолдарын зақымдайды. Инфекция кезінде бактерия бөлетін токсин жүрекке, жүйке жүйесіне және басқа да ағзаларға зиян келтіруі мүмкін.
Ауру адамнан немесе бактерия тасымалдаушыдан сау адамға ауа-тамшы жолы арқылы жұғады. Дифтерияның негізгі белгілеріне тамақтың ауыруы, жұтынудың қиындауы, дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, мойынның ісінуі және бадамша бездерде қиын алынатын сұр-ақ қабықтың пайда болуы жатады.
Тыныс алу жолдары зақымданса, тыныс алудың қиындауы мүмкін.
Дифтерияға қарсы екпе қашан салынады?
Қазақстанның ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес, балаларға дифтерияға қарсы алғашқы екпелер 2, 3 және 4 айында салынады. Бұл кезеңде дифтерия, көкжөтел және сіреспеге қарсы кешенді вакцина қолданылады.
Кейін 18 айда, 6 жаста және 16 жаста ревакцинация жүргізіледі. 16 жастан кейін дифтерия мен сіреспеге қарсы екпені әр 10 жыл сайын қайталап отыру ұсынылады.
Яғни, ересектер де вакцинацияны ұмытпауы керек. Екпе кестесі адамның жасына және бұрын алған вакциналарына байланысты белгіленеді.
Дифтерия неге қауіпті?
Аурудың қауіптілігі оның токсинінің ағзаға әсерімен байланысты. Асқынған жағдайда тыныс алу жолдарының зақымдануы, жүйке жүйесі мен жүрекке әсер етуі мүмкін. Сондықтан дифтерияға күдік туған кезде медициналық көмекке мүмкіндігінше тез жүгіну маңызды.
Қазақстанда вакцинацияның арқасында бірқатар қауіпті инфекциялардың таралуы айтарлықтай төмендеген. Ресми мәлімет бойынша, елімізде дифтерия жағдайлары 2009 жылдан бері тіркелмеген.
Мамандардың айтуынша, бұл вакцинацияның инфекциялық аурулардың алдын алудағы маңызын көрсетеді. Ұлттық екпе күнтізбесіне сәйкес вакцинация мемлекеттік медицина ұйымдарында жүргізіледі.
Сондықтан балалардың жоспарлы екпелерін уақытында алу және ересектерге арналған ревакцинация мерзімін өткізіп алмау – дифтериядан қорғанудың маңызды шараларының бірі.
Оқи отырыңыз: Әлеуметтік төлемдерді қауіпсіз алу: азаматтар нені білуі керек