Digital Qazaqstan Battle: ұлттық стартаптар бәйгесінің жеңімпаздары анықталды

ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі
ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі

Бұл жоба мықты технологиялық стартаптар тек ірі қалаларда ғана емес, өңірлерде де дамып жатқанын көрсетеді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Шымкент қаласында өткен Digital Qazaqstan 2026 форумының сахнасында еліміздің үздік технологиялық стартаптары өз жобаларын сарапшылар мен инвесторларға таныстырды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінен хабарлағандай, бірнеше ай бойы Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген стартаптар ұлттық деңгейдегі финалға шығу үшін бақ сынап, 19 млн теңге жүлде қоры үшін жарысты. Digital Qazaqstan Battle финалында еліміз бойынша іріктелген 20 үздік жоба нақты нарықта сыналған технологиялық шешімдерін ұсынып, өз өнімдерін Қазақстанда және шетелде дамыту мүмкіндігін көрсетті.

Қатысушылар жасанды интеллект, «ақылды қала», бизнес үдерістерді автоматтандыру, білім беру технологиялары және цифрландырудың өзге де бағыттары бойынша жобаларын таныстырды.  

Финалдық кезеңде жобаларды мемлекет, инвестиция және технология саласының өкілдерінен құралған қазылар алқасы бағалады. 

Тартысты өткен финал қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталды. Бас жүлде – 10 000 000 теңге gro.now (Алматы) жобасына бұйырды. Екінші орын мен 5 000 000 теңгені Cortex AI (Қызылорда) иеленді. Үшінші орын және 3 000 000 теңге AR Sana (Астана) жобасына берілді. Сонымен қатар көрермендер таңдауы бойынша Qalam AI (Шымкент) стартабы 1 000 000 теңге сыйақыға ие болды.

Байқау бірнеше кезеңнен тұрды: алдымен өтінімдер қабылданып, жобалар талаптарға сай тексерілді. Кейін өңірлік жартылай финалдар өтіп, олардың нәтижесінде финалистер анықталды. Қазылар стартаптарды нарықтағы сұраныс, команда сапасы, даму мүмкіндігі және инвестициялық тартымдылығы бойынша бағалады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Digital Qazaqstan Battle – тек қаржылай қолдау алу мүмкіндігі ғана емес. Финалистер кең аудиторияға танылып, инвесторлардың назарын аударып, өз жобаларын дамытуға жаңа мүмкіндіктерге ие болды.

«Бұл жоба мықты технологиялық стартаптар тек ірі қалаларда ғана емес, өңірлерде де дамып жатқанын көрсетеді. Финал тәжірибе алмасуға, инвесторлармен байланыс орнатуға және қатысушылардың кәсіби деңгейін дәлелдеуге мүмкіндік берді», – деді бизнес бағдарламалар кеңсесінің директоры Әшімбек Әбілғазинов.

Айта кетерлігі, Digital Qazaqstan 2026 форумы серіктестер мен демеушілердің қолдауының нәтижесінде ұйымдастырылды. Барлық шығын демеушілер есебінен жабылды.

Форумды Қазақстан Республикасының Цифрлық даму және жасанды интеллект министрлігі, Шымкент қаласының әкімдігі және Astana Hub халықаралық инновациялық кластері ұйымдастырды.

Оқи отырыңыз: Бүгін Жер сағаты акциясы өтеді

Новости партнеров