«Digital Qazaqstan» стратегиясы: Жасанды интеллект энергетика шығынын 90 пайызға дейін азайтпақ

Мұндай ақпаратты Үкіметте өткен отырыста Энергетика министрі мәлімдеді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жасанды интеллект елдегі энергетикалық ресурстардың шығынын 90 пайызға дейін азайтпақ. Ол қанша газ жұмсалатынын алдын ала болжап, мұнай өнімдерінің қозғалысын тиімді жоспарлауға көмектеседі. Сондай-ақ өндірістегі қауіпсіздікті күшейтуге мүмкіндік береді. Мұндай ақпаратты Үкіметте өткен отырыста Энергетика министрі мәлімдеді. Бүгін министрлер кабинеті «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясын талқылады, деп хабарлайды Almaty.tv  тілшісі.

Премьер-министр Олжас Бектеновтің командасының алдында 2029 жылға дейінгі «Digital Qazaqstan» стратегиясын жүзеге асыру міндеті тұр. Мақсат – елдегі цифрландыруды жеделдетіп, жасанды интеллектіні экономика мен әлеуметтік салаларға кеңінен енгізу. Бүгін министрлер кабинеті атқарылған жұмыстар мен қолға алынған жобаларды пысықтады.

Бірінші болып сөз алған Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев 2027 жылы Екібастұзда алғашқы дата орталық іске қосылатынын айтты. Оның жалпы қуаты – 186 мегаватт.

«Жоба операторы анықталды. Инженерлік инфрақұрылым және ГРЭС-1-ден электр энергиясымен қамтамасыз етілді. 2028 жылдың екінші тоқсанында тағы 109 мегаватт қуатты іске қосу көзделген. Firebird AI компаниясымен 10 миллиард АҚШ доллары көлеміндегі келісімдерге қол қойылды. Жобаға 20-дан астам халықаралық технологиялық компания мен инвестор қызығушылық танытып отыр», – деді министр.

Өз кезегінде Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров малдың қозғалысын цифрлық жүйе арқылы бақылауға көшкенін жеткізді. Оның айтуынша, арнайы платформаларда төрт түлік туралы мәліметтер бір жерге жинақталып, фермерлер мен ветеринарларға қолжетімді болып отыр. Қазірдің өзінде жүйеде 40 миллионға жуық жануар есепке алынды. Оның шамамен 9,3 миллионы – ірі қара, 24,5 миллионнан астамы – ұсақ мал және 5 миллионға жуығы – жылқы.

«Ал асыл тұқымды мал басы Республикалық мал шаруашылығы жүйесі (ЕАСУ) арқылы жүргізіледі. Бұдан бөлек, мал иелеріне арналған «Төрт түлік» мобильді қосымшасы жұмыс істейді. Жалпы, бұл шаралар толық қадағалауды қамтамасыз етіп, бірыңғай есеп жүргізуге және мамандардың жұмысын жеңілдетуге бағытталған», – деді Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров

Өз кезегінде Қаржы министрлігі цифрлық платформалардың арқасында 600 мыңнан астам адам «көлеңкелі» экономикадан шығарылғанын хабарлады. Қазір өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың саны 805 мыңға жуықтады. Олардың әлеуметтік төлемдері автоматты түрде есептеліп, аударылып отырады.

Сонымен қатар Қазақстан ғарыштағы мүмкіндігін де кеңейтпек. Қазір Жерді қашықтан зондтайтын үш спутник жұмыс істеп тұр. Жаслан Мәдиев олардың қатарына 2030 жылға дейін тағы алты аппарат қоспақшы.

Жиын соңында Премьер-министр жауапты тұлғаларға ірі қалалардағы көлік кептелісі мәселесін цифрлық жүйе арқылы шешуді, ауыл шаруашылығында бірыңғай цифрлық экожүйе құруды және дрондық логистиканы дамытуды тапсырды.

Оқи отырыңыз: Алматыда жыл соңына дейін үш жаңа емхана салынады