Әділетті қоғамға – шыншыл сөз: Алматыда Президенттің таңдаулы ой-тұжырымдары енгізілген кітап талқыланды

25.08.2026 19:12

Кітапта жастар мәселесіне айрықша мән берілген

«Әділетті қоғамға – шыншыл сөз». Алматыда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1994 жылдан бергі айтқан таңдаулы сөздері мен ой-тұжырымдары енгізілген кітабы талқыланды. Жиынға ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдері қатысып, жинақта көтерілген өзекті мәселелерді талқылады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Отыз жылдан астам уақыт бойы Мемлекет басшысының ой-пікірлері топтастырылған еңбекте заң мен тәртіп, білім, мәдениет, ұлттық бірегейлік, цифрландыру және елдің болашағы секілді маңызды тақырыптар қамтылған. Еңбектің негізгі мазмұны – мемлекет пен қоғам арасындағы қарым-қатынасты ашық әрі жауапты ету. 

«Шынымен де бүгінгі мақсатымыз әділетті Қазақстан құру жолында қалай жұмылуымыз керек екенін көрсетеді.Әрине, мемлекеттік қызметкер болғаннан кейін оның жүгі бөлек. Оның жауапкершілігі де бөлек. Оны дұрыс түсінуіміз керек. Бірақ азамат ретінде әрқайсымыз ортақ іске үлес қосуға ынталы болуымыз керек», – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов.

Кітапта жастар мәселесіне айрықша мән берілген. Бүгінгі оқушы мен студент – Қазақстанның ертеңі ғана емес, елдің қазіргі дамуына үлесін қосып отырған буын. Мемлекеттің қуаты азаматтардың сапасымен өлшенеді. Зиялы өауым өкілдерінің айтуынша, білімді, еңбекқор, адал, жауапты, заңға құрметпен қарайтын жандар көбейген сайын қоғам да нығая түспек.

«Президент кітабында қазақстандықтардың оның ішінде, әсіресе, жастарға айтатын ақыл-ойы жазылған. Әрине, еліміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосуымыз керек. Үлгілі мемлекет болуымыз керек», – деді медицина ғылымдарының докторы Зәуреш Аманжолова.

«Мемлекет басшысы әділі болайық, әділетті қоғам құрайық деп айтып ғана қоймай, оған жетудің түрлі  жолдарын көрсетеді. Әр қырынан келіп үңіледі. Кітаптағы ой көкейімізде жүрген көп мәселені табуға жетелейді», – деді М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов.

 Жиынға қатысушылар кітапта көтерілген идеялардың бүгінгі өмірде қалай жүзеге асыру қажет екенін талқылады. Әсіресе білім, мәдениет, қоғамдық белсенділік және мемлекет пен қоғам арасындағы диалогтың маңызына тоқталды. Зиялы қауым өкілдерінің сөзінше, «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» еңбегі Қазақстан дамуына жетістіктер тұрғысынан ғана емес, елдің болашағы алдындағы жауапкершілік тұрғысынан қарауға үндейді.

Диана Тұрлыбек, Адель Ақжаркенова, Ялкунжан Әшімжанов

Оқи отырыңыз: Жаңа мүмкіндік: БЖЗҚ жинақтарын жеке басқарушы компанияларға 100% беру тәртібі түсіндірілді

Толық көрсету