Жаңа мүмкіндік: БЖЗҚ жинақтарын жеке басқарушы компанияларға 100% беру тәртібі түсіндірілді

Қаражатты басқару тәсілін әр салымшы өз қалауы бойынша таңдай алады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстандықтар енді Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жинақтарын түгелдей жеке басқарушы компанияларға сенімгерлік басқаруға бере алады. Ол үшін қордың бөлімшесіне барып, өтініш беруге немесе қызметті онлайн рәсімдеуге болады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ал зейнетақы активтерін басқаратын инвестициялық компанияны invest.enpf.kz платформасындағы тізімнен таңдауға мүмкіндік бар. Бұған дейін азаматтар зейнетақы жинағаның тек 50%-дан аспайтын бөлігін аудара алатын.

Айта кетейік, бұл – азаматтың өз еркі. Қаражатты басқару тәсілін әр салымшы өз қалауы бойынша таңдай алады.

«2026 жылдың 7 қыркүйегінен бастап салымшылардың міндетті зейнетақы жинақтарының ИПБ-ға беру мүмкіндігі 100 пайызға дейін кеңейеді. Зейнетақы жинақтарының 100 пайызға дейінгі бөлігін ИПБ басқаруына салымшыларға ИПБ көрсеткіштерімен инвестициялық стратегияларын зерделеу негізінде өздерінің жеке қалауларын ескере отырып капиталды ұзақ мерзімді перспективада көбейтуге мүмкіндік береді», – деді  «БЖЗҚ» АҚ Инвестициялық портфельді талдау басқармасының бастығы Ләззат Әмірғалиева

Қазір зейнетақы жинақтарын басқару мүмкіндігіне ие 6 ірі компания бар. Оларға бірқатар арнайы талап қойылады. Атап айтқанда, компанияның инвестициялық портфельді басқаруға тиісті лицензиясы болуы, нарықта және клиенттердің активтерін басқаруда жеткілікті тәжірибесі болуы қажет. Сонымен қатар компаниялардың соңғы бірнеше жылдағы қаржылық нәтижелері ескеріледі. Ықтимал шығындарды өтеу үшін олардың меншікті капиталы да жеткілікті болуы тиіс. Дегенмен мамандар азаматтарға зейнетақы жинақтарын басқарушы компанияға беру туралы шешім қабылдағанда асықпауға кеңес береді. Алдымен әр компанияның инвестициялық стратегиясын, ұсыныстарын, табыстылығын және тәуекелдерін мұқият зерттеп, өзара салыстырған жөн.

«Зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға беру туралы шешім қабылдамас бұрын нарықтағы ИПБ-лардың тізімімен мұқият танысып, олардың БЖЗҚ сайтындағы орналастырылған инвестиция декларцияларын зерделеуді ұсынамыз. Сондай-ақ ИПБ-лардың қаржылық көрсеткіштерін сонымен бірге ИПБ-ға қатысты реттеуші орган яғни ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тарапынан қолданылған әкімшілік шаралар, санкциялар туралы ақпаратты талдау қажет», – деді Ләззат Әмірғалиева.

Оқи отырыңыз: Үкімет 2027-2029 жылдарға арналған бюджет жобасын бекітті