Димаш Құдайберген Бейжіңде өткен шығармашылық жобаға қатысты

26.04.2026 16:49

Осыған дейін Қытай аумағында «Көкжиектен асқан үн» бағдарламасының көрсетілімі ресми түрде аяқталған болатын

dimashnews.com

Қазақстанның Бейжіңдегі мәдени орталығында Қытай-Қазақстан бірлескен «Voice Beyond Horizon» жобасына арналған шығармашылық семинар өтті. Іс-шара барысында бағдарламаны әзірлеушілер, сарапшылар мен ғалымдар, жетекші бұқаралық ақпарат құралдарының журналистері бас қосып, шығармашылық үдерістегі тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ, ақпарат тарату саласындағы өзара ықпалдастықты талқылап, «Жібек жолы» өркениеттерінің өзара өркендеуінің жаңа бағыттарын қарастырды,   деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Dimashnews.com-ға сілтеме жасап. 

Осыған дейін Қытай аумағында «Көкжиектен асқан үн» бағдарламасының көрсетілімі ресми түрде аяқталған болатын. Жобаның интернеттегі жалпы қаралым саны 2,36 миллиардтан асып, түрлі платформалардағы рейтингтерде көшбасшылық орнын сақтап отыр. Сонымен қатар Қазақстанның ұлттық телеарнасында көрсетілгеннен кейін де бағдарлама жоғары нәтиже көрсетіп, қоғамда кең резонанс тудырды. Жоба бірнеше мәрте «Жэньминь жибао» басылымының жоғары бағасына ие болып, 200-ден астам жетекші шетелдік БАҚ-та арнайы репортаждардың нысанына айналды. Осылайша, Қытайда да, халықаралық деңгейде де кең танымалдық пен беделге ие болып, жаңа дәуірдегі «Жібек жолы» кеңістігіндегі мәдени алмасу мен халықаралық коммуникация саласындағы маңызды аудиовизуалды туынды ретінде айқындалды.

Әңгіме барысында сарапшылар жобаның айқын мәдени ерекшеліктерін атап өтіп, оның музыкалық мазмұн мен танымдық бағытты ұштастыра отырып, Орталық Азия елдері туралы қалыптасқан қоғамдық стереотиптерді бұзуға ықпал етіп жатқанын жеткізді. Бағдарлама халық музыкасын бейімдеу, аспаптық үйлесім мен шынайы көріністерді ұсыну тұрғысынан жоғары деңгейде орындалған. Бұл жоба музыкалық бағдарламалардың мазмұндық кеңістігін байытып қана қоймай, әлемдік музыкалық мәдениеттің сан алуандығын кеңінен тануға мүмкіндік береді.

Сонымен бірге жобаның ерекшелігі ретінде сән-салтанатты сахналық декорацияларда емес, қарапайым көшелер мен оқу орындарының кампустарында өнер көрсету идеясы ерекше аталды. Бұл тәсіл мәдени алмасудың шынайылығын нақты ортада көрсетуге бағытталған. Мәселен, қазақстандық әнші Нұржас қытай тілін табандылықпен меңгеріп, Цай Чэнъюймен бірге «Күтемін» әнін орындап береді. Осы арқылы Сянь Синхай мен Бахытжан Байқадамов арасындағы мемлекетаралық музыкалық ынтымақтастық тарихын жалғастырып, жас ұрпақтың үні арқылы Жібек жолы достығын әсерлі әрі қарапайым түрде жеткізді.

Жобаның негізін қалаушы, Қазақстанның Халық әртісі Димаш Құдайберген семинар барысында жобаның қалыптасу тарихымен бөлісіп, жұмыс барысындағы ерекшеліктерді атап өтіп, команда мен көрермендерге қолдау көрсеткені үшін шынайы алғысын білдірді.

«Көкжиектен асқан үн» – осы үш сөз жоба басталғаннан аяқталғанға дейінгі біз өткізген барлық күн мен түнді өн бойына сыйғызады. Бұл тек телебағдарлама ғана емес, менің жылдар бойына жүрегімде сақтап келген арманым.

Қытайдағы көптеген достарым мені бірнеше жыл бұрын “Hunan” телеарнасының бағдарламасына қатысқан кезімнен біледі. Сол кезде музыкаға деген махаббатыммен және толқыныспен алғаш рет қытай сахнасына шыққан едім. Қытай көрермендері мен жобадағы командамның мені соншалықты жылы қабылдайтынын күтпедім. Сол сәттен бастап мен өзіме: “Бұл достыққа жауап ретінде мен не істей аламын?” – деген сұрақ қойдым.

Қазақта «Жақсылыққа жақсылықпен жауап бер» деген мақал бар. Сондықтан мен әрдайым баршаңызды өз елімізге шақырып, «Жібек жолы» кеңістігіндегі жас музыканттардың біздің сахнада өнер көрсетулерін армандадым. «Voice Beyond Horizon» бағдарламасы – менің осы арманға берген жауабым. Бір кездері Төраға Си Цзиньпин мені «Қытай мен Қазақстан арасындағы жаңа дәуірдегі достық елшісі» деп жылы сипаттаған еді. Бұл мәртебе – менің бастапқы ниетімнің айғағы әрі Қытай еліне және Hunan TV ұжымына білдірген өзара ризашылығым.

Бағдарламада менің бірлескен продюсерлік деген тағы бір рөлім бар. Мен өз көзіммен Қытай мен Қазақстанның шығармашылық топтары нөлден бастап, бірде қарлы тауларда, бірде кең далада, бірде қалалар мен ауылдарда түсірілім жасап, алты елдің кестесін үйлестіріп, тіл, климат пен мәдени кедергілерге байланысты көптеген қиындықтарды еңсергенін көрдім. Бұл процесс өте ауыр болды, бірақ ешкім шаршадым деп шағымданған емес. Өйткені біз аса маңызды жобаны жүзеге асырдық: музыка арқылы көпір салып, «Жібек жолы» жастарын жақындатуға ұмтылдық.

Бұл бағдарламада мені ең қатты толғантқан нәрсе – әртүрлі елден келген жас әншілер болды. Олар әрине бірін-бірі толық түсінбейді, тиісінше өмірлік тарихтары да әртүрлі. Алайда олар бірге импровизация жасап, халық әндерін қайта орындап, жұлдызды аспан астында би билегенде, мен олардың арасында ешқандай бөгет қалмағынана өз көзіммен куә болдым. Музыка – біздің ортақ тіліміз.

Бағдарлама шыққаннан кейін көптеген көрермен маған келіп: “Біз алғаш рет көрші елдердің жастары бізден еш айырмашылығы жоқ екенін сезіндік. Олар да түсіністікке ұмтылады, өмірді сүйеді, болашаққа сенеді екен” деп өз таңданыстары мен қуаныштарын білдіріп жатты.

Бұл семинар – соңы емес, жаңа бастама. Мен «Voice Beyond Horizon» – тек бастауы ғана деп түсінемін. Алдағы уақытта екінші, үшінші маусымдары түсірілуі мүмкін, шығармашылық музыкалық лагерьлер ұйымдастырылып, жастар арасындағы алмасу бағдарламалары іске қосылуы ықтимал. Тіпті «Жібек жолы» бойындағы өзге елдердің жастары да қатысуы мүмкін. Мен «Жібек жолының» музыкалық хикаялары мәңгілікке жаңғырады деп сенемін.

Сөз соңында осы жобаны қолдаған барлық ұйымдарға, серіктестерімізге және әлемнің түкпір-түкпіріндегі көрермендерге шынайы алғысымды білдіремін. Менің шығармашылық командама, қонақтар мен әншілерге – менімен қатар еңбек еткен әрқайсысына үлкен алғыс айтамын. Осы жобаға уақыттарыңыз, таланттарыңыз бен махаббаттарыңызды арнағандарыңыз үшін ризамын. Күн-түн демей еңбек еткен баршаңызға алғыс айтамын. Сіздер болмасаңыздар, «Voice Beyond Horizon» да болмас еді.

Сіздердің дауыстарыңыз осы жерден басталды, бірақ мұнымен тоқтамайды. Музыка арқылы әлемді жақындастырып, ынтымақтастық арқылы достықты нығайтайық! Осы жолдағы қолдауларыңыз бен серіктестіктеріңіз үшін баршаңызға зор алғысымды білдіремін!» - деді әнші.

Оқи отырыңыз: Көктемде иммунитетті қалай күшейтуге болады - мамандар кеңесі