Димаш Құдайберген қарындасына арнап жүрекжарды жазба жариялады

02.08.2025 17:17

Әнші қарындасының жаңа өмірге қадам басқан сәтіне ақ тілегін арнады

instagram.com/kudaibergenov.dimash

Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайберген қарындасы Раушанның ұзату тойына орай желіде жан тебірентерлік жазба жариялады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Әнші қарындасының жаңа өмірге қадам басқан сәтіне ақ тілегін арнады.

«Жол мұраты — жету, қыз мұраты – кету» дейді қазақ халқы. Оны ұғынсақ та, бауыр етінен жұлып алғандай етіп қарындасты өзге жұртқа аттандыру кімге болса да оңай емес екен?! Дегенмен, теңін тауып, ата-анасының, туған-туыстарының ризашылығымен кетіп бара жатқаны көңілге қуаныш ұялатады. Қолымыздан ұшып бара жатқан қызымыздың қонған жері құтты болсын! Барған еліне тастай батып, судай сіңсін! Құдай қосқан жарына бақ болып қонсын, қосағымен қоса ағарсын!

Раушантайыма Мансұр ініммен бірге, “Қарлығашым,ұя салғанда…” атты әнімді ақжүрек тілегіміз ретінде қабыл алғайсың! Жүректегі сағыныш пен қимастықты осы әннің өн-бойынан көрсеткіміз келді. Бақытты бол,қарлығашым менің! Көкесінің жүрегі!», - деп жазды әнші Instagram парақшасында.

Желі қолданушылары әншінің жазбасынан ерекше әсер алып, жылы лебізге толы пікір қалдырған. 

Айта кетейік, 1 тамызда Димаш Құдайбергеннің қарындасы Раушанның ұзату тойы өтті.  

Оқи отырыңыз: Медиа өкілдері арасында Жұмысшы мамандықтары жылына арналған байқау жарияланды