Димаштың чехиялық жанкүйерлері қайырымдылық қорын ұйымдастырды

05.06.2026 15:55

 

Былтыр олар Ақтөбе қаласындағы музыка мектебінің дарынды оқушыларына қаржылай қолдау көрсеткен еді

 

dimashnews.com

Чехиядағы Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлері қатарынан екінші жыл қайырымдылық бастамаларын жүзеге асырып, ерекше қолдауға мұқтаж жандарға көмек көрсету дәстүрін жалғастырып келеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv

Dimashnews.com хабарлауынша, өткен жылы чехиялық жанкүйерлер Ақтөбе қаласындағы музыка мектебінің дарынды оқушыларына қаржылай қолдау көрсетті.

Димаштың ұстазы Марат Айтымовтың қолдауымен жиналған қаражат тікелей студенттерге табысталған болатын.

Жанкүйерлердің айтуынша, Димаштың шығармашылығы арқылы насихатталатын ізгілік, адамгершілік және жанашырлық құндылықтары оларды осы игі істі жалғастыруға ынталандырған.

Биылғы қайырымдылық қоры ауыр сырқатпен күресіп жатқан кішкентай Томашекке көмек көрсету мақсатында ұйымдастырылды. Жиналған қаражат баланың және оның отбасының қажеттіліктеріне жұмсалып, тәулік бойғы күтім мен тұрақты медициналық қолдауды қамтамасыз етуге бағытталады.

Томашектің анасының айтуынша, сәби дүниеге келгеннен кейін сегіз ай бойы ауруханада ем қабылдаған. Кейіннен оған мидың зақымдануы, ауыр дәрежедегі ақыл-ой кемістігі және айқын аутизм сияқты күрделі диагноздар қойылған. Анасының сөзінше, ұлына күтім жасау үздіксіз бақылау мен бар күш-жігерін арнауды талап етеді.

Чехиялық жанкүйерлер өздерінің қайырымдылық бастамалары арқылы Димашқа тек өнер иесі ретінде ғана емес, сонымен қатар бүкіл әлемдегі адамдарды ізгілікке үндейтін тұлға ретінде құрмет білдіргісі келетіндерін атап өтті. Олардың пікірінше, музыка адамдарды біріктіріп қана қоймай, нақты көмек пен игі істердің бастауына айнала алады.

«Осындай әрбір оқиға өзгелерге де шабыт сыйласын», – деді Димаш Құдайбергеннің чехиялық фан-клубының администраторы Яромира Шебелова.

Оқи отырыңыз: Алматыда «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа Заңның негізгі ережелері түсіндірілді