Алматыда 2026 жылы 1 шілдеден бастап күшіне енетін Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа Заңының негізгі ережелерін түсіндіруге арналған кеңес өтті. Іс-шараға Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай, басқарма басшылары, аудан әкімдері, құқық қорғау және аумақтық мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ ведомстволық бағынысты ұйымдардың жетекшілері қатысты, - деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Кездесуді ашқан Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыру мәселесіне ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтті.
«Мемлекетке қызмет ету – ең жауапты әрі мәртебелі міндеттердің бірі. Сондықтан кәсібилік, ашықтық және азаматтардың мүддесіне бағдарлану қағидаттары мемлекеттік қызметкерлер үшін әрдайым негізгі бағдар болуға тиіс. Жаңа заң мемлекеттік қызметті одан әрі дамытуға, оны кәсібилендіруге, сервистік және азаматқа бағдарланған қағидаттарға негізделген іріктеу тетіктерін жетілдіруге бағытталған», – деді Алматы әкімі.
Өз кезегінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай мемлекеттік аппаратты одан әрі кәсібилендіруге, мамандарды іріктеу тетіктерін жетілдіруге, мемлекеттік басқарудың сервистік моделін дамытуға және мемлекеттік органдар қызметіндегі азаматқа бағдарланған тәсілді нығайтуға бағытталған жаңа заңның негізгі жаңашылдықтарын жан-жақты түсіндірді.
«Мемлекеттік қызметкерлердің басты міндеті – ашықтыққа, сервистік қағидаттарға және адамға бағдарлануға негізделген басқару мәдениетін қалыптастыру. Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында мемлекеттік қызмет біліктілігі жоғары мамандар мен жеке сектордағы дарынды басқарушылар үшін құзыреттері мен қабілеттеріне қарай ашық бола түсті. Қазіргі таңда мансаптық және позициялық модельдердің құрылымдарын біріктіретін мемлекеттік қызметтің гибридті моделі қалыптастырылды. Енді іріктеу кезінде үміткердің мемлекеттік қызметтегі, квазимемлекеттік және жеке сектордағы еңбек өтілі таңдалған лауазымның функционалдық бағытына сәйкес кешенді түрде ескерілетін болады», – деді Д. Жазықбай.
Сондай-ақ ол мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыру, заманауи кадрлық құралдарды енгізу, меритократия қағидаттарын нығайту және кәсіби мемлекеттік қызметшілер корпусын қалыптастыру жайына ерекше назар аударды.
Кездесу қорытындысында қатысушылар жаңа заңнаманы іске асырудың практикалық аспектілері мен оны қаланың мемлекеттік органдары қызметіне тиімді енгізу міндеттерін талқылады.
Іс-шара аясында мемлекеттік қызмет ардагерлері мен қазіргі қызметкерлерді марапаттау рәсімі өтті. «Мемлекеттік қызмет ардагері» төсбелгісімен Гүлжан Мамреева, Нұрзат Ордабаев, Бақтияр Камалов, Күлбадан Тәжиева және Күлайхан Шойбекова марапатталды. Құрмет грамоталары Күлзия Берденева мен Айкерім Сәлімоваға табысталды. Алғыс хаттар Жанар Тілеуғабылова мен Марат Досымбекке берілді.
Оқи отырыңыз: Алматыда кәсіпкерлерге тауарды негізсіз қайтарудың тәуекелдері туралы ескертілді