Дипфейк технологиясы: депутаттар халықты түрлі қауіп-қатерден қорғауды ұсынды

14.05.2025 19:09

Елімізде ұлттық жасанды интеллект платформасы пайда болады

Елімізде ұлттық жасанды интеллект платформасы пайда болады. Бұл нейрожелі өнімдерін әзірлеп, қолдануға арналған ортақ жүйе болмақ. Бүгін Мәжілісте тиісті заң жобасы қаралды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Депутаттар әзірлеген құжатта қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударылған. Мәжілісмендер нейрожелі үлкен мүмкіндіктерге жол ашса да, тәуекелі барын жасырмады. Анас Баққожаевтың айтуынша, қазір ғылыми еңбектерге дейін жасанды жады жасайтын болған. Сондықтан білім саласында ақылды жүйені пайдалану кезінде бақылауды күшейту керек екенін айтты.

«Жастардың, балалардың сөз қоры азайды, лексиконы жоқ. Шығарма, мазмұндама не үшін жасадық? Сондықтан «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүгендер жасанды интеллектің жақсы пайдаланып жүр. Рухани жағын, білімді, ғылымды қалай қорғаймыз? Мен заң жобасында ондай нормаларды көрген жоқпын», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Анас Баққожаев.

Ал депутат Ерлан Саиров «елімізде жасанды жадыны дамытып қана қоймай, халықты түрлі қауіп-қатерден қорғауымыз керек» дейді. Былтырдың өзінде жасанды интеллект арқылы 22 мың алаяқтық жасалған. Әсіресе, дипфейк технологиясы белсенді қолданылып жатқан көрінеді. Оның құрбаны – балалар мен егде жастағы адамдар. Биыл тек қаңтарда кибералаяқтықтан келген материалдық шығын 11 миллиард теңгеге жеткен. Сондықтан депутаттар нейрожелі көмегімен жасалған алаяқтыққа қылмыстық жазаны қатаңдату керек деп санайды. 

 «Біздің концепцияға әкімшілік өзгерістер ғана енгізілді. Ол жерде заңсыз контентті пайдалану және тарату бойынша бап бар. Алайда әріптестер тарапынан Қылмыстық кодекске қатысты жауапкершілікті күшейту жөнінде ұсыныстар келіп түсті», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева.

Оқи отырыңыз: Шегірткемен күрес: зерттеу жұмыстарына дрондар пайдаланылмақ