Ермек Кенжеханұлының айтуынша, зиянкестерге қарсы 443 арнайы техника қолданылады
Шегірткемен күрес жүргізу шараларына жасанды интеллект технологиялары пайдаланылады. Зерттеу жұмыстарына дрондар да тартылмақ. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Ауыл шаруашылығы вице-министрі мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ермек Кенжеханұлының айтуынша, зиянкестерге қарсы 443 арнайы техника қолданылады. Оның ішінде 239 жерүсті желдеткіші мен бүркігіштер, 100 аэрозольді газ генераторы, 31 аса жеңіл авиация кемесі, 24 ұшақ, 49 пилотсыз авиациялық жүйе бар.
«Өткен жылы Түркістан облысындағы пилоттық жобаға сәйкес шегіртке тектес зиянкестерге қарсы күресу іс-шараларға пилотсыз авиациялық жүйелері қолданылды. Пилоттық жоба қорытындысы бойынша дрондар жоғары тиімділігін көрсетті. Осыған байланысты ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің агродрондар мен бүрку техникасын сатып алудың қол жетімділігін арттыру бойынша шаралар қабылдадық. Осылайша агродрондармен жерүсті бүркіткіштер құнының 25 пайыздық өтем алуға мүмкіндік беріп отыр», – деді ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы.
Еліміз шегірткемен күрес аясында Ресей, Қытай, Өзбекстан және Қырғызстанмен ынтымақтастық орнатыпты. Қазір аталған елдермен тиісті келіссөздер жүргізілген. Басты мақсат – көршілес аймақтармен бірлесе зерттеу жұмыстарын жүргізіп, шегіртке тектес зиянкестердің Қазақстан аумағына кірмеуін қамтамасыз ету.
«Бүгінгі таңда 1 млн 485 мың гектар жер зерттеліп, оның 572 мың гектар алаңында шегірткелер қоныстанған, оның ішінде 400 мың гектар алаңды өңдеу қажет. Оның 397 мың гектар толық өңделіп, жұмыстар әрі қарай да жалғасып жатыр. Өңдеу жұмыстары Түркістан, Жамбыл, Жетісу және Қызылорда облысында өңдеу жұмыстары басталып кетті», – деді Ермек Кенжеханұлы.
Оқи отырыңыз: Шымкентте 8 адамды қарақұрт шағып, екеуі ауруханаға түсті