Донор ағзасын күту тізімінде өлім-жітім 4,6 пайыз азайды

Трансплантацияға зәру азаматтардың саны 4,5 мыңға жетті

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елде жыл сайын 300-ден астам науқас қажетті донорлық ағза таба алмай көз жұмады. Бүгінде трансплантацияға зәру азаматтардың саны 4,5 мыңға жетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Елде ағза күту тізімінде 4521 азамат бар. Оның 106-сы – бала. Науқастардың дені, атап айтқанда, 4099 адам бауыр күтіп отыр. Бұдан бөлек 230 жанға бүйрек, 159 науқасқа жүрек қажет. Алматылық Айгерім Амантай екі апта бұрын бүйрегін ауыстырған. Келіншек бұған дейін де ота жасапты, бірақ қажетті донорлық мүше келмей қалып, үміті үзіле бастаған. 4 жыл кезекте тұрған науқас қазір оңалу мерзімінен өтіп, өзін өмірге жаңа келгендей сезінетінін жеткізді. Алайда Айгерім оған бүйрек сыйлаған адамды танымайды, тек шексіз алғысын білдіріп отыр. Себебі оған және тағы 2 адамға донорлық ағзаны қайтыс болған азамат берген.

«Донордың туыстарына басымды иіп, рақмет айтамын. Өте қуаныштымын! Қазақстанда мәселенің шешімі табылып, дамып жатқанына. Бізде бір кісі мәйіттік донор, екеуіміз де бүйрек алдық. Бір адамнан екі бүйрек алынды, басқа да ағзалар алынды. Қаншама адам құтқарылды», – деді қала тұрғыны Айгерім Амантай.

Медицинада ағза ауыстыру екі жолмен жасалады. Тірі донордан және қайтыс болғаннан кейінгі трансплантация. Бірінші жағдайда тек жұп ағзаның бірі немесе қажет мүшенің белгілі бір бөлігі ғана алынады. Бұл шешім донордың денсаулығына қауіп төндірмеуі тиіс. Биылдың өзінде 17 мәйіттік ағза ауыстырылып, одан 69 қажетті мүше алынған. Нәтижесінде дәрігерлер ондаған адамды өлім аузынан аман алып қалған. Сондай-ақ 226 туыстық донорлық тіркеліпті.

«Алматыда мәйіттік донор – 48 жастағы әйел. Ауруының асқынуына байланысты миына қан құйылып, ми өлімі анықталған. Ол донордан 4 азға алдық. Жүрек, 2 бүйрек және бауыр. Биыл бұл  – 17-актуалды донор», – деді «Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталық» директорының орынбасары Назгүл Жылгелдина.

Былтыр елде небәрі 7 трансплантация орталығы болса, биыл олардың саны 11-ге жетті. Маман даярлау жолға қойылып, ағза ауыстыратын дәрігерлер көбейген.

Айта кетейік, 134 мыңға жуық азамат қайтыс болғаннан кейін ағза доноры болуға алдын ала келісім берген.

Мәйіт донорлығы — өлім мен өмір арасындағы қыл көпір. Бір адамның өмірден өтуі басқа бірнеше жанға жаңа мүмкіндік сыйлайды мүмкін. Бұл күрделі медициналық процесс қатаң талаптарға тәуелді. Алдымен дәрігерлер «ми өлімін» анықталуы тиіс, содан кейін ғана донор болу мүмкіндігін қарастырады. Алайда осы сәттен бастап уақытпен жарыс басталады. Өйткені адам ағзасы белгілі бір мерзім ішінде ғана жарамды. Мысалы, бүйректі реципиентке жеткізіп, сәтті трансплантациялау үшін небәрі 20 сағат, ал бауырды – 10 сағаттың ішінде жаңа ағзаға көшіру қажет.

«Биыл мәйіт трансплантация көлемі 2,5% көбейіп жатыр. Оны біз де байқап жатырмыз. Биыл 11 бүйрек ауыстырсақ, алдынғы жылы 2-ақ бүйрек ауыстырғанбыз. Және бауыр бойынша 5 мәйіттік бауыр трансплантациясы жасалды, өткен жылы 1 ота жасалды. Тенденция оң жолмен келе жатыр», – деді Сызғанов хиругргия орталығының басқарма төрағасының орынбасары Шоқан Қаниев.

Айта кетейік, ағзаны күту тізімі үнемі өзгеріп отырады. Әр науқастың жағдайы күн сайын қайта қаралады. Бірінің денсаулығы операцияға жарамсыз болып қалса, екіншісінің ағзасына табылған донор үйлеспей жатады. Ал кейбір науқастар жағдайының күрт нашарлауына байланысты тізімнен уақытша шығарылуы мүмкін. Сондықтан күту парағы — сәт сайын жаңарып, тағдырлар таразыланып отыратын күрделі жүйе. Соңғы бір жылда ағза күту тізімінде өлім-жітім 4,6 пайыз азайған. Дәрігерлер мұны орталықтар санының артуымен және үйлестіру жұмысының жақсаруымен байланыстырады.

Әйкерім Пернебек, Мейрам Исабеков

Оқи отырыңыз: Құтыру ауруы: Ақмола облысындағы ауылда санитарлық бақылау қатаңдады

Новости партнеров