Донорлық фестивалі: Алматы тұрғындары 36 литрден астам қан тапсырды

10.06.2026 17:17

Акция барысында 98 адам тіркеуден өтті

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі

Алматы қаласында Дүниежүзілік қан доноры күніне орай Донорлық фестивалі өтті. Іс-шара әртүрлі мамандық иелері мен түрлі жастағы азаматтарды біріктірді. Оларды ортақ мақсат – қан құюға мұқтаж жандарға көмек көрсету ниеті тоғыстырды,  деп хабарлайды Аlmaty.tv Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.

Фестивальді Алматы қалалық кардиологиялық орталығы мен Қалалық қан орталығы Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мен Алмалы ауданы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырды.

Акция барысында 98 адам тіркеуден өтті. Міндетті медициналық тексеру мен денсаулық жағдайын бағалаудан кейін 72 қатысушы қан тапсыруға жіберілді, ал 26 адамға медициналық көрсетілімдерге байланысты уақытша шектеу қойылды.

Нәтижесінде 36 литрден астам қан (36 936 мл) дайындалды. Қатысушылардың арасында бірінші оң қан тобының иелері басым болды – 27 адам, екінші оң қан тобы – 17 адам, үшінші оң қан тобы – 16 адам, төртінші оң қан тобы – 7 адам.

Сонымен қатар сирек кездесетін теріс резус-факторы бар донорлар да қан тапсырды: үшінші қан тобы – 3 адам, төртінші қан тобы – 2 адам. Қ

ан мен оның компоненттері жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккендерге, күрделі операциядан кейінгі пациенттерге, онкологиялық және гематологиялық аурулары бар адамдарға, сондай-ақ босану кезінде асқынулар туындаған әйелдерге күн сайын қажет.

Мегаполистің денсаулық сақтау жүйесі үшін донорлықтың стратегиялық маңызы зор. Жыл сайын қан компоненттеріне деген қажеттілік шамамен 35 мың дозаны немесе 11 мың литрден астам көлемді құрайды.

Тұрақты түрде жүргізілетін қан құюлардың арқасында мыңдаған пациент қажетті медициналық көмек алады. Күн сайын 120-ға дейін трансфузия жасалады және олардың әрқайсысы адамның өмірі мен денсаулығын сақтап қалуда шешуші рөл атқаруы мүмкін.

Іс-шара шеңберінде Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов ұзақ жылдар бойы тұрақты түрде қан тапсырып, өз үлгісімен өзгелерді жігерлендіріп жүрген донорлық қозғалысқа қатысушыларға алғыс хаттар табыстады.

Фестиваль донорлықтың қиын жағдайға тап болған жандарға көмектесудің ең қарапайым әрі маңызды тәсілдерінің бірі болып қала беретінін тағы бір мәрте еске салды.

Оқи отырыңыз: Тең мүмкіндіктер алаңы: Алматыда ерекше балалар мен ата-аналар бақ сынауда