№17-мектептің 70-тен астам мұғалімі білім ордасының директорына шағымданды
Жаңаөзен қаласындағы №17-мектептің 70-тен астам мұғалімі білім ордасының директорына шағымданды. Ұжымның айтуынша, жаңа басшы қыркүйекте қызметіне кіріскелі бері педагогикалық әдепке сай келмейтін әрекеттерге жол беріп, мұғалімдермен арада жиі түсініспеушілік туындайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мұғалімдердің сөзінше, директор бұрынғы жұмыс орнынан әріптестерін шақырып, кей ұстаздарды алдын ала ескертусіз сабақтан шеттеткен. Соның салдарынан оқу процесі кезінде кедергілер туындаған. Тіпті оқушылардың алдында мұғалімдердің беделін түсіріп, дөрекі сөйлепті.
«22 қаңтар күні мектеп басшымыз Инербаева Алия Күмбетбайқызы сабағыма ескертусіз кіріп, сабақ процесін бұзып, сабақтың үстінде дауысын көтеріп, маған сабақта кедергі келтірді. Ол кісі «сіз сабақ кестесі бойынша бұл сыныпқа сабақ бермейсіз» дейді. Мен жыл басынан бері сабақ беріп жүргенімді айтып, келіспеймін дедім. Оқушылардың көзінше дауыс көтеріп, айқайлады», - деді ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Жанар Қожағалиева.
Сондай-ақ ұстаздар мектептегі бейнекамералар арқылы бақылау күшейіп, жиналыстарда білім сапасынан гөрі тәртіп мәселесі жиі сыналатынын айтты. Олардың пікірінше, оқушылардың жетістігі мен мұғалімдердің еңбегі жеткілікті деңгейде бағаланбай отыр.
«Ол кісінің педагогикалық тәрбиеліліге жөнінен айтқым келеді. Сол күннен бастап телефондарымызды жинап алды. Бермейміз десек, қарсылық көрсетті және сіздер өте тәрбиесізсіздер деген сөздерді айтты. Ол кісі бұл мектепті «менің мектебім, менің ұжымым» деп келген жоқ», - деді бастауыш сынып мұғалімі Алмагүл Әбішова.
Мәселені айтып ұстаздар қалалық білім бөліміне жүгінген. Құзырлы орган өкілдері тексеріс барысында өрескел заңбұзушылық анықталмағанын, алайда ұжыммен қарым-қатынаста қиындықтар болғанын мәлімдеді. Нәтижесінде директорға тәртіптік жаза ретінде сөгіс берілген.
«Зерделеу жұмыстарының барысында өрескел бұзушылық анықтаған жоқпыз. Бірақ жаңығыдай ұжыммен тіл табыса алмау, түсініспеушілік бойынша директордың түсініктемесі алынды. Содан кейін Еңбек кодексі аясында сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолданылды», - деді қалалық Білім бөлімі кадрлар бөлімінің басшысы Сандуғаш Сарбекова.
Бір қызығы, түсірілім тобы білім ордасына барады деген кезде мектеп басшысы денсаулығына байланысты уақытша еңбекке жарамсыздық парағын рәсімдеп, жұмысқа шықпаған. Қазір оның міндетін уақытша атқаратын адам да ресми түрде тағайындалмапты. Ал мектеп ұжымы өңірдің бас мұғалімінен басқарушылық қабілеті жоғары, ұжыммен тіл табысып жұмыс істей алатын жаңа директор тағайындауды сұрап отыр.
Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, Маңғыстау облысынан
Оқи отырыңыз: Түркістан облысында ірі көлемде МӘМС қаржысын жымқыру дерегі анықталды