Достық пен отансүйгіштік қасиетті дәріптеген жастарға әскери бөлімнің басшылығының да алғысы шексіз
Тараздың әскери бөліміндегі 10 дос Отан алдындағы борышын бірге өтеп жүр. Олар колледж қабырғасында бір топта оқып, әскерге де жұмыла баруға бел шешіпті. Жастардың бұл ісін қолдаған 5513 әскери бөлімі жастарды бөле жармай, бір ротаға қабылдаған, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Бір-біріне демеу болған жігіттердің достығы колледж қабырғасында басталған. Олар Шымкент қаласында «Дене шынықтыру және спорт» мамандығында білім алған. Сол кезде әскерге де бірге баруға уәделесіпті. Содан мемлекеттік емтихандарын мерзімінен бұрын тапсырып, бәрі бір күнде әскери бөлімге барған.
«Колледж директорына өтініш хат жаздық. Мемлекеттік емтиханды алдын ала тапсырып, 11 маусымда Шымкент қаласындағы әскери бөлімге барып, 13 маусымда Тараз қаласына 5513 әскери бөліміне келдік», – деді сарбаз Санжар Амантай. ¤
Қазір сарбаздар ант беріп, әскери дайындақтан өтіп жатыр. Алдағы уақытта әскери қызметке барады. Бұл бөлімдегілер Тараздағы 5 түзету мекемесінің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Жауапты қызметке жауынгерлер сақадай сай.
«Қоғам арасында достықтың барын, әрқашан биік тұратынын көрсеткіміз келді. Отан алдындағы борышын өтеу – әрбір Қазақстан азаматының борышы. Ата-анам, қарындастарым үйде жатыр. Біз олардың тыныш ұйықтауын, еркін қыдыруын қалаймыз», – деді сарбаз Ділдәбек Үсенов.
Достық пен отансүйгіштік қасиетті дәріптеген жастарға әскери бөлімнің басшылығының да алғысы шексіз. Сол себепті сарбаздарды бөле жармай бір ротаға қабылдаған. Жалпы мерзімді әскери қызмет жастарға болашақта білім мен мансап жолында өсуге қосымша мүмкіндік береді.
«Өткен жылда ротамнан 7 әскери қызметші грантқа түсті. Оның үшеуі әуе қорғаныс күштеріне, екеуі ұлттық ұлан бас қолбасшылығын, сонымен қатар Шымкент қаласындағы гуманитарлық университетке түсті. Қазіргі уақытта әскерге көптеген жағдай жасалуда. Соның бірі – «Сарбар» программасы арқылы білімге деген құлшынысын арттыру», – деді 5513 әскери бөлімінің рота командирі Ерболат Керімбеков.
Қызметін абыроймен аяқтаған сарбаздар еліміздегі 70-тен астам жоғары оқу орнына грантқа түсе алады. Сондай-ақ 6 ай қызмет өткергеннен кейін келісімшарт негізіндегі әскери қызметке қабылдана алады.
Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, Тараздан
Оқи отырыңыз: 550 шетел азаматына Қазақстанда оқуға білім беру гранты берілді