Ұлттық тәрбие – ұлт түбірі: рухани мұрадан алыстап бара жатқан ұрпаққа кім жауапты

31.07.2026 19:45

Қамшы – қазақ мәдениетінде айрықша мәнге ие асыл мұра

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің». Ұлттық тәрбие де дәл осындай қарапайым қағидадан бастау алады. Алматылық психологтар осындай пікірде. Ал ата кәсіпті бірнеше жылдан бері жалғастырып жүрген шеберлер бүгінгі жастардың рухани мұрадан алыстап бара жатқанына алаңдайды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Қамшы – қазақ мәдениетінде айрықша мәнге ие асыл мұра. Ол кезінде биліктің де, батырлықтың да, тәртіптің де нышаны болған. Осындай терең мағынаны бойына сыйдырған бұйымды алматылық шебер Есен Мұхтарұлы 20 жылдан бері жасап келеді. Ол қамшы өрумен қатар, түрлі қолөнер туындыларын дайындайды. Ата кәсіптің қыр-сырын жастарға үйретуден де жалыққан емес. Қолөнершінің айтуынша, ертеде адамдар кейбір ойын сөзбен емес, қамшының ишарасы арқылы астарлап жеткізген.¤

«Қамшыны тек мал айдау үшін ғана емес, қонаққа келгенде қамшының орнына қарап үй иесі ниетіңді аңғарған. Төрге қойсаң, сыйлағаның, ал босағаға қарай тастасаң, ренжігенің», – деді шебер Есен Мұхтарұлы.

Қазақ танымында қамшының ұлттық тәрбиедегі орны ерекше. Оны ілу мен ұстаудың да өзіндік әдебі қалыптасқан.

«Қазіргі балалар қамшы ілу тәртібін білмейді. Жесір әйел болса,  былай жанымен іледі. Ал үйде ер адам десе, ортасынан ілген. Ал егер отағасы жас болса, жанымен іледі», – деді шебер Есен Мұхтарұлы.

Ал психологтар «бала бойындағы ұлттық тәрбие ең алдымен шаңырақтағы тәлім арқылы қалыптасады»  дейді. Мамандардың пікірінше, қазақы ортадағы құрметтің алғашқы көрінісі сәлемдесуден басталады.

«Қазақ «Амандассаң, аман жүресің» деген. Сондықтан үлкендерге амандасу керек, кішкене құрмет көрсету керек. Төрді беру керек. Отырған жерде отыра бермей, үлкендерге орын беру керек. Үлкен адам келсе, тұрып орын береміз. Үлкенге құрмет көрсеткен балалар бақытты болады.  Бұл да – құндылық», – деді психолог Шынар Құсманқызы.

«Жастардың көбісі үлкен кісілердің сөздерін бөліп немесе оларға бір құрметсіздің танытып жатқан жағдай көп кездесіп жатыр. Бұл  дәстүрімізге, тіпті адами болмысымызға да сай келмейді. «Бұқаның басына түскен күн, бұзауға да түседі» дейді ғой, ертең қартаямыз. Қазірден бастап жастар ойлауы керек», – деді этнограф Оралбек Кәрім

.Туған жерден жырақта жүрсе де, ұлттық құндылықтан қол үзбеген азаматтар аз емес. Солардың бірі – Еуропадағы қазақ қауымдастығының негізін қалаушы Сүлеймен Шадқам. Оның айтуынша, ұлттық болмыстан алыстамау керек. Ол үшін ана тілін ардақтап, салт-дәстүрді ұрпақ санасына сіңіру маңызды.

«Қазақстанға қарым-қатынасы болмаған елдің тағдыры қиын болады. Сондықтан әрдайым қандастарыма «мүмкіндік барда барыңыз, балалардың елге апарып аунатыңыз, қарым-қатынасты жалғастырыңыз» деген ақыл-кеңес айтып отырамын», – деді Еуропадағы қазақ қауымдастығының негізін қалаушы Сүлеймен Шадқам

Айта кетейік, Ата заңда баланы тәрбиелеу мен оған қамқорлық жасау әрбір ата-ананың құқығы ғана емес, заңмен бекітілген міндеті ретінде көрсетілген. Сондықтан ұлттық құндылықтарды жас ұрпақтың бойына сіңіру – әр отбасының ортақ жауапкершілігі.
Мәди Мәлік. Ғани Қалуов

Оқи отырыңыз: Смартфон ұстаған сана: балаларды кибербуллингтен қалай қорғауға болады