Алматыда интернет алаяқтық азаймай тұр. Құзырлы органдардың мәліметінше, соңғы уақытта дропперлікке қатысты дерек жиілеген. Қала бойынша дәл осындай 47 қылмыстық іс тіркелген. Оның төртеуі Медеу ауданында қаралып, екеуі бойынша сот шешімі шыққан.
Осы және өзге сұрақтарға «Алматы» телеарнасының студия қонағы Медеу ауданы прокуратурасының бөлім прокуроры Еркебұлан Тойшыбайұлы жауап береді.
– Еркебұлан мырза, көп жағдайда азаматтар дропперлікке заң талаптарын толық білмегендіктен немесе алаяқтардың арбауына түсіп, келісіп жатады. Осындай жағдайда олардың әрекетіне құқықтық тұрғыдан қандай баға беріледі?
«Тәжірибеде барысында адамдар «мен білмедім», «мені алдап кетті» деп жауап береді. Бірақ әрбір нақты нәрсені түсіну керек. Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды. Егер азамат өзінің банктік картасын, шотын немесе оған қолжетімділікті үшінші тұлғаларға берсе және сол арқылы қылмыстық қаражатты аударым жүргізсе, бұл құқыққа қайшы әрекет ретінде бағаланады. Әрбір іс-әрекет үшін сот және тергеу барлық мән-жайды ескеріп, қарайды. Адам әдейі қасақана жасады ма, пайда тапқаны бар ма, әлде шынымен алданған ба. Адам алданған болса, жеңілдететін мән-жай ретінде ескерілуі мүмкін. Алайда оны толық жауапкершіліктен босатпайды».
– Азаматтар мұндай ұсыныстардың алаяқтық екенін қандай белгілер арқылы анықтай алады және өздерін қалай қорғай алады?
«Мұнда өте қарапайым қағида бар. Егер сізге «оңай ақша» ұсынса, бұл – күмәндануға себеп. Назар аудару керек себептер: сізден банктік карта немесе шот ашып, оны «пайдалануға беруді» сұрайды, тек деректеріңізді бергеніңіз үшін ақша уәде етеді, барлық мән жайларды мессенджер арқылы жасайды, ешкіммен, ешқандай ресми келісім жоқ. Бұл – алаяқтықтардың классикалық белгілері. Ешқашан және ешкімге банктік картаңызды, шотыңызды, парольдерді бермеуіңіз керек. Өздеріңізді қорғау үшін: күмәнді табыс ұсыныстарынан бас тартыңыз; жұмыс берушіні тексеріңіз; күмән тудырса, келіспеген дұрыс»
– Ал егер адам банктік картасын немесе шотын үшінші тұлғаға беріп қойғанын кейін түсінсе, нақты қандай әрекет жасауы керек?
«Ең бастысы уақытты жоғалтпау керек. Біріншіден, дереу банкке жүгіну керек, картаны бұғаттау керек, шотқа қолжетімділікті жабу керек, барлық парольдерді ауыстыру керек. Екіншіден, құқық қорғау органдарына барып, болған мән-жайды толық айту керек. Үшіншіден,барлық деректерді сақтау керек. Яғни, хат алмасулар, телефон нөмірлері, ақша аударымдарды. Бұл әрекетке тартқан адамдармен байланысты толық тоқтату қажет. Маңыздысы: азамат неғұрлым тез жүгінсе, соғұрлым салдары азаюы мүмкін және құқықтық баға беру кезінде ескеріледі.
Оқи отырыңыз: Әкімшілік рақымшылыққа кімдер ілігуі мүмкін