Автобус апаты: айыпталушы кәнісін мойындап, кешірім сұрады

19.11.2024 16:30

Қаза болған азаматтың ағасы айыпталушыға қатысты ешқандай шағым жоқ екенін растады

«Кінәмді мойындаймын». Алматыда осыдан 5 ай бұрын тіркелген автобус апатына қатысы бар деп танылған айыпталушы ашық сот отырысында осылай деді. Ол болған іске деген өкінішін де жеткізіп, марқұмның туыстарынан кешірім сұрады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Онлайн форматта өткен ашық сот отырысында прокурор істің мән-жайын түсіндіріп, оқиғаның қалай болғанын айтып берді. Заң өкілі сотталушының ережені елемей, негізгі жолмен жүріп келе жатқан автобусқа жол бермегенін, салдарынан бір адамның қаза тапқанын сөз етті. Прокурордың сөзінше, марқұм алған жарақаттарынан көз жұмған.

"Сарапшы қорытындысына сай, марқұм травматикалық шок алып, соның салдарынан бақилық болған. Сот-медициналық сараптама қорытындысына сай, марқұмның денесінен өте көп жарақат анықталды", – деді прокурор Ақерке Райханова.   

Прокурордың ұсынысымен сот процесі қысқартылған тәртіпте қаралып, сотталушы мен жәбірленушіден ғана жауап алынды. Айыпталушы оқиға болар алдында 4 айлық баласын тамақтандыру үшін, үйіне қарай шыққанын сөз етті. Автокөлікпен жоғарыға қарай жүрмек болғанда тек сол жағына қарағанын, оң жақтан келген автобусты көрмей қалғанын жеткізді. Сондай-ақ ол кінәсін толық мойындайтынын айтып, өкініші барын да жасырмады.  

"Оқиға болғаннан соң, бірден көліктен түстім. Есік ашылмай қалғандықтан, итеріп, шықтым. Өзім есеңгіреп қалдым. Оқиға орнынан ешқайда кетпедім. Полиция қызметкерлері келгенде құжаттарымның барлығын бердім. Кешірім сұраймын. Қайғырып көңіл айтамын", – деді айыпталушы Әнел Сартаева.

Сотталушы марқұмның туыстарынан кешірім сұрады. Өзі үй қамағында отырғандықтан жақындары арқылы жәбірленуші тарапқа көмек қолын созғанын айтты. Ал қаза болған азаматтың ағасы сотталушының әкесі кешірім сұрап келгенін, материалдық көмек ұсынғанын, бірақ марқұмның отбасы одан бас тартқанын жеткізді. Айыпталушыға қатысты ешқандай шағым жоқ екенін растады. Атап өтейік, 25 адам жарақат алып, бір адам қаза тапқан жол-көлік оқиғасына қатысты кезекті сот отырысы 25 қараша күні өткізілмек.

Рүстем Айткәрім, Рамазан Өмен

Оқи отырыңыз: Жантүршігерлік жол апаты: Түркістан облысында 4 адам көз жұмды