Ақтау қаласының тең жартысы жарықсыз отыр

15.07.2025 20:12

Ақтау қаласы бойынша 485 шақырым электр желісі бар десек, оның 320 шақырымының тозығы жеткен

Шілденің шіліңгір ыстығында Ақтау қаласының тең жартысы жарықсыз отыр. Тұрғындар тарапынан шағым көбейген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ақтаудағы шағынаудандарда электр желілері істен шығып, қарашаның жағдайы қиындап тұр. Кейбір қиылыстарда бағдаршамдар істен шығып, көлік кептелістері пайда болған. Азық-түлік дүкендерінде де тауарлар бұзылып, жағдай қиындады. Тоқтың бірнеше сағаттап берілмеуі әсіресе көпқабатты үйде тұратындарға қиын.

«Үй жанып тұр, күн ыстық. Үйде балалар қалады, жұмысқа кетеіз. Сегізінші қабатқа көтерілу қиын. Қалай шығамыз, жұмыстан шаршап,келіп тұрмыз?» – деді қала тұрғыны Бауыржан Нұрбосынов.

 «Жаз айы басталысымен тоқ жиі сөнеді. Бүгін электр желісінің істен шыққанына 5 сағаттан асты. Үйдегі тамақ бұзылып, телефонымызды қуаттай алмай отырмыз. Біреуінің үйінде мүмкіндігі шектеулі жан болса, кейбір пәтерлерде зейнеткерлер тұрады», – деді қала тұрғыны Эмилия Тахмасова.

Мәселеге қатысты тұрғындардан шағым көбейген тұста облыс басшысы арнайы штаб құрып, жауаптыларға тиісті тапсырма жүктеді. Әкім электр желісінің жұмысын қадағалауына алған.

Айта кетейік, Ақтау қаласы бойынша 485 шақырым электр желісі бар десек, оның 320 шақырымының тозығы жеткен. Яғни, жылдап жөндеу көрмеген желі жүктемені көтере алмай, әр жерден үзіліп жатыр. Қазір жыл соңына дейін 74 шақырымдық желіні ауыстыру үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындалып жатыр. Ал құны әзірге белгісіз.

«13 шілден бастап 11 апат болды. 14 шілдеде 15 апат болды. Яғни бүгінде болып жатқан апаттың барлығын жоспармен жоямыз. Күнделікті апаттың барлығын арнайы бригадамен жауып жатырмыз. Апаттың көп салдарынан мамандар жетпей жатады. Сондықтан  10 бригада қосымша қосу жөнінде тапсырма берілді», – деді ТҮКШ бөлімінің басшысы Бексұлтан Шалабаев. 

Қазір МАЭК кәсіпорны қалыпты жұмыс жасап отыр. Мекеме қалаға қажетті электр тоғын таратып тұр. Яғни жауаптылардың айтуынша, ол жақтан ешқандай мәселе жоқ. Ал тоқтың жаппай ақауға ұшырауына күннің күрт ысып кетуі мен жүктеменің 1-ге 1 қосылуы себеп болып отыр. 

«Мысалы қыс мезгілдерінде қаланың тұтынуы 60 МБТ болса, жазда 120-150 МБТ өседі. 1-ге 1 қосылып тұр. Салдарынан кабельдік желілерге қысым түсіп, ажыратуға мәжбүр болып жатырмыз», – деді  облыстық Энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары нұрлан Орынбасаров. 

Қазір көпшілік арасында тоқ көзі арнайы кестемен беріледі екен деген ақпарат тарап жатыр. Алайда жауаптылар ол ақпаратты жоққа шығарды.

Жасұлан Мұқан, Ақтаудан

Оқи отырыңыз: Тұрғын үй сүрілуі мүмкін: СҚО-да саяжай тұрғындары дабыл қағуда