Экология департаменті 14 кәсіпорнында тұрақты тексеріс жүргізуде
Петропавл ластанған аймақтардың қатарына кірді. Мұнда ауадағы күкірт сутегі жыл басынан бері шекті нормадан 70 рет асып кеткен, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мамандар «оның мөлшерінің өсуі бас ауруына, көздің жасаурауына, сондай-ақ жүректің айнуына әкеп соқтыруы мүмкін» деп дабыл қағып отыр. Петропавлдықтар да лас ауа денсаулығымызға кері әсерін тигезеді деп алаңдаулы. Ал "Қазгидромет" мамандары мәселенің алдын алу үшін тұрақты түрде экологиялық мониторинг жүргізіп жатқанын жеткізді.
"Бақылауларға сәйкес, стандартты индекс 8,7 ал ең жоғары қайталану 3, бұл атмосфер алық ауаның сапасын сипаттайды. Стандартты индекстің көрсеткіштеріне және ең көп қайталануына күкіртсутек әсер етеді", – деді "Қазгидромет" РМК СҚО филиалының зертхана бастығы Оксана Гордиенко.
Сондай-ақ көміртегі оксиді де Петропавлда шекті рұқсат етілген нормадан асып кеткен. Аталған зиянды заттар негізінен автомобиль көлігі мен өндірістік кәсіпорындардан бөлініп шығады. Сондықтан Экология департаменті бұл нысандардың жұмысын жіті қадағалап отыр. Олар қаланың 14 кәсіпорнында тұрақты тексеріс жүргізуде.
"Тұрақты негізде бекітілген жоспар-кесте шеңберінде атмосфералық ауаға аспаптық өлшеу жүргізіп отырамыз. Ол Петропавл қаласының да, облыстың да санитарлық-қорғау аймағында, ірі өндірістік мекемелердің шекарасында жасалады. Бұл тексерістер кәсіпорындардың атмосфералық ауаға әсерін анықтау мақсатында жүргізіледі", – деді СҚО бойынша Экология департаментінің зертханалық-талдамалық бақылау бөлімінің басшысы Дамир Жұмабаев.
Оқи отырыңыз: Қарағандыда мал ұрлаған күдіктілер ұсталды