EcoQolday қатысушыларына 5,9 млрд теңгеден астам төлем жасалды

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі

EcoQolday - қалдықтарды жинау және қайта өңдеу саласындағы бизнесті қолдауға арналған цифрлық платформа

Жаңалықтармен бөлісіңіз

EcoQolday жүйесі іске қосылғаннан бері оның қатысушыларына төленген қаражат көлемі 5,9 млрд теңгеден асты. Осы кезеңде жүйе арқылы 180,5 мың тонна қалдық қайта өңдеуге жіберіліп, жасалған шарттар саны 113-ке жетті, деп хабарлайды Almaty.tv.

EcoQolday - қалдықтарды жинау және қайта өңдеу саласындағы бизнесті қолдауға арналған цифрлық платформа. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің хабарлауынша, бүгінде жүйе аясында қалдық жинаушылармен 78, қайта өңдеушілермен 21 және толық циклді кәсіпорындармен 14 шарт жасалған.

Жалпы төлем көлемі 5,943 млрд теңгені құрады. Оның ішінде 2024 жылы 4,6 млн теңге, 2025 жылы 884,4 млн теңге төленді. Ал 2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында төлем көлемі 5,054 млрд теңгеге жетті.

Сонымен қатар EcoQolday арқылы қайта өңдеуге жіберілетін қалдықтардың көлемі де артып келеді. 2024 жылы бұл көрсеткіш 11,07 мың тоннаны, 2025 жылы 49,34 мың тоннаны құрады. 2026 жылдың қаңтар–қыркүйек айларында қайта өңдеуге 120,14 мың тонна қалдық жіберілді. Жүйе іске қосылғаннан бергі жалпы көлем 180,5 мың тоннаға жетті.

"EcoQolday мүмкіндіктерін сала кәсіпорындарымен қатар жеке және заңды тұлғалар да пайдалана алады. Олар мобильді қосымша арқылы шыны ыдыстарды, қағазды, картонды, пластик қаптама мен пленканы өткізуге өтінім беріп, жинаушыны таңдап, жиналған қайталама шикізатты тапсыра алады", - делінген министрлік хабарламасында.

Қалдықтарды бөлек жинауға мүлік иелерінің бірлестіктерін және пәтер иелері кооперативтерін тарту да маңызды бағыттардың бірі. Жүйеде олардың қатысуының екі тетігі қарастырылған.

Бірінші жағдайда МИБ немесе ПИК EcoQolday жүйесінде қалдық түзуші ретінде тіркеледі. Осыдан кейін тұрғын үй кешенінің аумағына қайталама шикізатты бөлек жинауға арналған экобокс орнатылып, жиналған шикізатты қалдық жинаушы сатып алады.

Екінші тетік бойынша МИБ немесе ПИК қалдық жинаушы ретінде тіркеледі. Қажетті инфрақұрылым болған жағдайда олар жиналған қайталама шикізатты қайта өңдеу кәсіпорындарына өздері өткізіп, «Жасыл даму» АҚ-дан көзделген төлемдерді ала алады.

Бұл тетік Астанада қолданысқа енгізіліп жатыр. 2026 жылғы қаңтардан бастап елорданың тұрғын үй кешендерінде қағаз бен пластикті бөлек жинауға арналған экобокстар орнатылуда. Бүгінде 130-дан астам көппәтерлі тұрғын үйді қамтитын 53 экобокс жұмыс істейді. 2026 жылдың соңына дейін қайталама шикізатты қабылдауға арналған тағы 100 экобокс пен фандомат орнату жоспарланып отыр.

EcoQolday жүйесін дамыту бизнес пен тұрғындардың қалдықтарды бөлек жинау және қайта өңдеу үдерісіне кеңінен қатысуына, сондай-ақ қайталама шикізатты экономикалық айналымға тарту көлемін арттыруға мүмкіндік береді.

Оқи отырыңыз: Оралда әлеуметтік желіде балағат сөз айтқан тұрғын 10 тәулікке қамалды