Желіде желдей ескен бейнежазбадан кейін полиция күдіктіні қолға түсірді
Астанада 28 жастағы азамат қарияны ұрып, артынша араша түспек болған әйелге де тап берген, деп хабарлайды Almaty.tv.
Желіде жарияланған кадрлардан ер адамның тұрғын үйдің кіреберісінен шығып, егде жастағы кісінің бетінен жұдырықпен ұрғанын көруге болады. Мұны байқап қалған әйел ақсақалға араша түспек болған. Алайда ер адам оның да соңынан қуған. Желіде желдей ескен бейнежазбадан кейін полиция күдіктіні қолға түсірді. Оның ащы суға сылқия тойып алғаны анықталды. Қазір ол уақытша ұстау изоляторында отыр.
«Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторға қамалды. 28 жастағы азаматтың алкогольдік масаң күйде егде жастағы ер адамға дене жарақатын келтіргені, сонымен қатар жәбірленушіге араша түспек болған 41 жастағы әйелді де соққыға жыққаны анықталды. Полиция азаматтарға қатысты кез келген зорлық зомбылық, дөрекілік және агрессия таныту көріністеріне жол бермейтінін және мұндай әрекеттер заңда көзделген жауаптылыққа әкеп соғатынын ескертеді», – деді Полиция департаменті ақпараттық саясат бөлімінің бастығы Эльмира Шәуленова.
Оқи отырыңыз: Қызылордада криптовалюта саудасымен заңсыз айналысқандар сотталды