Егемендік - елдіктің бастауы: Алматыда Республика күніне орай ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

Іс-шараға жиналғандар елдегі ауқымды реформаларды хронологиялық ретпен талқылап, тарихқа шолу жасады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Егемендік - елдіктің бастауы». Алматыда осындай тақырыпта Республика күніне орай ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Іс-шараға жиналғандардың қатарында маңызды құжаттың қабылдану сәтіне куә болған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 12-шақырылым депутаттары бар. Сондай-ақ жиында қоғам және мемлекет қайраткерлері, қоғамдық кеңес мүшелері ойын талқыға салды. Ал іс-шараның негізі мақсаты – декларацияның тарихи маңызын айшықтау.

«1990 жылғы 25 қазаннан  бастап, біз ылғи дамудың үстінде келе жатырмыз. Себебі Қазақстан Республикасы шекарасын немесе егемендігін бекітіп қойған жоқ, ол экономикалық тұрғыдан да, рухани жағынан да үлкен дамудың жолына түсті. Тәуелсіздіктің нәтижесінде бҚР әлемдегі дамыған елдердің қатарында деп айтуға мүмкіндік бар», – деді саясаттану ғылымдарының докторы, профессор Жомарт Симтиков.

Іс-шараға жиналғандар елдегі ауқымды реформаларды хронологиялық ретпен талқылап, тарихқа шолу жасады. Егемендік туралы декларацияның қабылдануы, бодандықтан босап, бостандық алған жұрттың сол мезеттен бері жеткен жетістіктері жайлы ой қозғалды. Сондай-ақ қала әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов сөз сөйлеп, әр бап, әр тармағы жіті қаралған тағдыршешті бұл құжатта елдің жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті мен халықаралық қатынастардағы дербестігі, демократиялық зайырлы бағдары, ең бастысы, мемлекеттік рәміздері бекітілгенін айтты.

«Биыл еліміздің Тәуелсіздік алғанына 35 жыл толады. Осы уақыт ішінде Қазақстан мемлекеттіліктің берік негізін қалыптастырып, қоғамның саяси және әлеуметтік, экономикалық дамудың өзіндік жолынан өтті, халықаралық қауымдастықтың толыққанды мүшесіне айналды. Сондықтан Егемендік –тек саяси және құқықтық мәртебе емес, ол – халықтың тарихи жады, ұлттың рухы және өз болашағын дербес айқындауға ұмтылысының нық көрінісі», – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов.

Оқи отырыңыз: Алматыда аты аңызға айналған «Дос-Мұқасан» тобына арналған арт-инсталляция ашылады