Егеуқұйрық қаптады: СҚО-ның тұрғындары балалар үшін алаңдап отыр

20.11.2025 21:06

Әкімдік өкілдері мәселе жақын арада шешіледі деп уәде берді

СҚО Бескөл ауылының тұрғындарынан маза кетті. Бұл жолы елдімекенде егеуқұйрық қаптап кеткен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алёна Василенко кіші ұлының жанынан бір елі алыстамайды. Ол «кеміргіш баласын жарақаттап қояма» деп алаңдайды. Оның айтуынша,  егеуқұйрық күн-түн демей баспананы кезіп, еденді кеміріп, қабырғаның арасында жүреді.

«Балаларымыз бар, қорқамыз. Көбінде олар 2-қабатта жүреді. Қауіпті инфекция тарата ма деп алаңдаймыз. Әкімдік санитарлық-эпидемиологиялық қызметке жүгініңдер деп нұсқау берді. Ал олар бұл іспен айналыспайтынын айтты», – деді Бескөл ауылының тұрғыны Алёна Василенко.

Татьяна Белованың бұл ауылда тұрып жатқанына 60 жылдан асқан. Бірақ мұндай жайтқа бірінші рет тап болып отыр. Сөзінше, кеміргіштерден арылуға улағыш заттар да көмектеспепті. Ал егеуқұйрықтардың берекені қашырып, мазаны алғанына бірнеше апта болған.

«Жуынатын бөлмені аша қалсаң, үстіңе секіре ме деп алаңдайсың. Сұмдық. Көмектесулеріңізді сұраймыз. Арасында кезектесіп ұйықтаймыз. Өте қорқынышты», – деді Бескөл ауылының тұрғыны Татьяна Белова.

«Егеуқұйрықтарды өзіміз ұстауға тырысып жатырмыз. Жабысқақ қағаздарды да қойып қойдық. Бірақ оның әсері аз. Мысығымыз бар. Одан да қайыр жоқ», – деді Бескөл ауылының тұрғыны Светлана Кучерявая.

Жергілікті жұрттың пікірінше, келеңсіздік ауладағы қоқыстың уақытылы жиналмауынан туындап отыр. Ал әкімдік өкілдері мәселе жақын арада шешіледі деп уәде берді.

«Кеміргіштерді жою үшін санитарлық-эпидемиологиялық стансаның қорытындысы бойынша қаржы қарастырамыз. Бюджеттен ақша бөлінсе, істі бастаймыз. Бірақ жеке үй тұрғындары залалсыздандыру жұмысын өздері жүргізуі тиіс», – деді Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары Азат Ибраев.

Жауаптылар мәселенің шешімін тапқанша елдімекен тұрғындары кеміргіштермен өздері күресуге мәжбүр болып тұр. 

Рүстем Айткәрім, Пётр Акутионов, СҚО

Оқи отырыңыз: Азық-түлік бағасын негізсіз көтергендер қатаң жазаланбақ