Егін қурап кетті: жамбылдық шаруалар алқапты суара алмай отыр

06.05.2025 20:35

Жауаптылар апта соңына дейін суармалы суды шаруаларға жеткізіп бермек

Жамбыл облысында диқандар биыл сусыз қаламыз ба деп алаңдаулы. Себебі қара жерге 1 ай бұрын дән еккен шаруалар аумақты әл күнге дейін суара алмай отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бақытжан Жидебаев биыл 40 гектарының жартысына арпа мен бидай еккен. Қалған алқапты аударып дайындағанымен дақыл себуге дауаламай отыр. Себебі көктемгі дала жұмыстарынан бері тамшы су алмаған. Салдарынан еккен дәні көктей солудың сәл-ақ алдында тұр.

«Жоңышқаға 1 млн 600 мыңдай ақша кетті. Оның бәрі күйіп кетейін деп жатыр. Не шөп жоқ. Малға беретін шөп таппай отырмыз. Жоңышқаны егіп, малға береміз деп ойлағанбыз. Арпаға 800 мыңдай кетті. Ол да өнбейтін болды, бойы бір қарыс ғана өсті», – деді шаруа Бақытжан Жидебаев.

«Қазсушар» мекемесіне су сұрай келген Байзақтық шаруалардың ұзын саны 40-қа жуықтайды.

«Екінші, үшінші, төртінші жылдық жоңышқалар бар. Мәселені неге ерте шешпеді?Қаншама елді шырылдатып отыр қазір, егістік құрғап кеткен», – деді шаруа қожалығының басшысы Нұркен Нұрдәулет.  

Ал суға жауаптылар биыл жауын-шашынның аз болғанын, таудағы мұздықтардың да сирек тұрғанын айтуда. Сондықтан су қоймалары да толық толмаған көрінеді. Ал «Киров су қоймасынан секундына 10 текше метр ғана су алып отырмыз» деген олар 18 кубке тапсырыс берген. Төменде жатқан 3 аудандағы 100 шаруаға тіршілік нәрі жетпей жатқанын мойындады.

«Бірінші суғарымнан бәрі дақылдарын шығарғысы келеді. Бөліп кезекпен алуға келіспей отыр. Бәріне бір мезетте су керек болып тұр. Жағдайдан шығу үшін «Терісащыбұлақ» су қоймасын ашып, қосымша 5 куб суды  «Аса-Талас» каналы  арқылы жіберіп жатырмыз», – деді  «Қазсушар» РМК Жамбыл облыстық филиалы директорының орынбасары Бағдат Бейсенқұлов.

Жауаптылар апта соңына дейін суармалы суды шаруаларға жеткізіп бермек. Айта кетейік, қырғыз еліндегі «Киров» су қоймасы 95 пайызға толып тұр. Суға жауапты мекеме суды жаз айларында қызылша сынды дақылдарға жаратпақ.

Нұрғиса Қаржаубай Меріржан Бейсебай, Тараздан

Оқи отырыңыз: Несиеге алған зат жанып кетті: атыраулықтар үзілген тоқ желісін ауыстыруды талап етіп отыр