Биыл аймақта 80 мың 900 гектар аумаққа күріш егілді
Сыр өңірінде егін жинау науқаны басталып, диқандар күрішке орақ салды. Күзгі жиын-терімге 4 мыңдай ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылады. Дәстүрлі дала жиынында бас қосқан шаруалар агросаладағы өзекті мәселелерді талқылады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Сыр өңірінде биыл 80 мың 900 гектар аумаққа күріш егілді. Жаз мезгілінде су тапшылығы шаруалардың есін екеу, түсін төртеу еткені белгілі. Сондықтан мәселені шешуге мемлекет тарапынан көмек берілген. Жиын-терімге жеткен еңбеккерлердің ортақ мәселесін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов бірге таразылады.
«80 мың 900 гектар жердің 60 мың гектарын лазерлік тегістеуден өткіздік. Ол арқылы да суды 20-30 пайызға үнемдеп жатырмыз. Тезірек пісетін күріштердің сорттарын өндіріске енгізіп жатырмыз. Алдағы уақытта да үлкен мән береміз», – деді облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.
Сыр диқандары судың тапшылығына қарамастан жылдағыдай мол өнім алуға үмітті. Күрішшілердің басым бөлігі материалдық-техникалық әлеуетін жаңартуға басымдық берген. Ал механизаторлар межені артығымен орындауға ниетті. Егінге тың технологияларды ендірген «Ер Әлі» шаруа қожалығы бүгінде ісімен көпке үлгі.
«Күріштің көлемін азайтқанмен, оның зауыттағы сапасын көтеруді жоспарлап жатырмыз. Қазір зауытта 55-60 пайыз өнім алсақ, болашақта 75-80 пайызға дейін өсіруді жоспарлап жатырмыз. Су – үлкен мәселе. Ол үнемдеу, жерді тегісте, өнім алу – бәрінің шегіне жеттік. Барлық 1700 гектардан 80 центнерден орташа өнім аламыз деп жоспарлап отырмыз. Бұл – он жылда жеткен үлкен жетістік», – деді шаруа қожалығының төрағасы Әліби Бекжанов.
«Күріштің жағдайы барлық жерде бір келкі емес. Су тапшылығы әсерін тигізеді. Дегенмен де 500 мың тоннаға жуық өнім жинаймыз деген болжам бар», – деді облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев.
Қазір шаруашылық бригадалары күріш оруға біржола көшкен. Өңірде егін жинау науқанын қазан айының ортасында аяқтау жоспарланып отыр.
Асқар Сәрсенұлы, Төрехан Әділбекұлы, Қызылорда облысы
Оқи отырыңыз: Тәркіленген пәтер, көлік мен әшекей-бұйымдар: Перизат Қайраттың мүлкі аукционға қойылады