Егіздер мектебі: Арыс қаласында бір мектепте 16 жұп білім алып жүр

Білім ордасында оқитын егіздердің ішінде бірдің 3 егіз бала бар

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Егіздер мектебі. Түркістан облысы Арыс қаласындағы №32 Әліби Жангелдин атындағы мектепті көпшілік осылай атайды. Өйткені шағын қаладағы бір мектептің өзінде 32 егіз оқушы білім алады, деп хабарлайды Almaty.tv.

1932 жылы қабырғасы қаланған білім ошағын көпшілік егіздер мектебі атап кеткен. Себебі мұнда оқитын егіздердің бәрін жинаса екі сынып болады. Мектептегі озат оқушылардың бірі Оңдасын мен Нұрсипат. 11-сыныпта оқитын егіздердің бірі спортқа бейім болса, екіншісі кітап оқуға құмар.

«Мен спорттың бокс түрімен айналысамын. Сабақтарымды көбінесе егізім орындап береді. Мен жарысқа көп қатысамын», – деді оқушы Оңдасын Асылбеков.

Білім ордасында оқитын егіздердің ішінде бір үйдің  үшемі бар. Ақнұр мен Бибінұр төменгі сыныпта оқыса, олардың ағасы мен әпкесі Сара мен Салман 8-сыныпта білім алады. Егіздердің түрлері ұқсас болғанымен, талғамдары әртүрлі. 

«Мен сабаққа жақынмын. Салман спортқа бейім. Мен ауырған кезде оның мазасы қаша бастайды, ол ауырған кезде, менің мазам қаша бастайды», – деді егіздер Сара мен Салман. 

Мектептегі егіздердің басым бөлігі төменгі сынып оқушылары. Бұған дейін мектепте барлығы 23 жұп егіз білім алған, 14 жұп мектепті тәмамдаған. Ұстаздардың айтуынша,  егіздердің өте алғыр әрі дарынды болатын көрінеді. 

«Егіздердің бойында бауырмашылдық басым. Олар бір-біріне көмектеседі.  Мейірімді, көмектесуге дайын жанашыр боп келеді», – деді мектеп директоры Рахима Жүнісова.

Соңғы жылдары Түркістан облысында дүниеге егіз немесе үшем әкелетін аналардың саны көбейген. Оның құпиясын ешкім де дөп басып айта алмайды. Мәселен бір ғана Арыс қаласында 150-ге тарта кәмелетке толмаған  егіз бар.

Оқи отырыңыз: Менің атым – Қожа: Алматыдағы қуыршақ театрында Бердібек Соқпақбаевтың шығармасы сахналанды

Новости партнеров