Ұзынағаштан шыққан жекеменшік екі вагонды ішін жылыту үшін дизельді құрылғы қолданылған
«Алматы-2» теміржол вокзалында бүгін 52 адам газдан уланды. Оның арасында балалар да бар. Екеуі жансақтау бөлімінде ауыр халде жатыр. Оқиға орнына жедел жәрдемнің 13 бригадасы тартылған екен. Алдын ала мәлімет бойынша, вагондарды киностудия жалға алған екен. Қазір жағдайдың мән-жайы анықталып жатыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Бүгін күндізгі сағат 11.00 шамасында Ұзынағаштан Алматыға жол тартқан жекеменшік екі вагонда төтенше жағдай тіркелді. Теміржол басшылығының мәліметінше, құрамның ішін жылыту мақсатында дизельді жылыту құрылғысын қолданған. Болжам бойынша сол себепті вагон ішіне газ тарап, жаппай улануға әкелуі ықтимал. Қазір зардап шеккен 52 адамның 10-ы ауруханаға жатқызылған. Екі бала жансақтау бөлімінде жатыр. Қалғандары профильді бөлімшелерге орналастырылған.
«Балаларда бас айналу, жүрек айну, құсу, есінен тану шағымдары мазалаған. Жедел жәрдеммен 12 бала біздің орталықтың қабылдау бөліміне жеткізілді. Қабылдау бөлімінде мультидисприциналдық бригада балаларды қарады. Қарау барысында 15 жасар екі қыз балада жағдайы ауыр деп бағаланды. Олар бірден жансақтау бөліміне жатқызылды. 9 баланың жағдайы орташа ауырлықта болды. Олар токсикология бөлімшесінде ем алып жатыр», - деді Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығы директорының медициналық қызмет сапасын бақылау жөніндегі орынбасары Тоқтар Құрметбек.
«Қазақстан темір жолдары» болған оқиғаны растады, бірақ вагонның ұлттық тасымалдаушыға қатысы жоқ екенін атап өтті. Анықталғандай, бұл – жеке тасымалдаушыға тиесілі, түсірілім жұмыстарына уақытша берілген студиялық вагон. Ішінде фильм түсірілімі өткен.
«Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа қатысты түсіндіріп өткіміз келеді. «Алматы-2» вокзалына келген, жолаушылары уланған құрам жекеменшік тасымалдаушыға қарайды. Ұлттық тасымалдау компаниясына қатысы жоқ. Бізге түскен ақпар бойынша, онда көркем фильм түсірілімі болған», - деді «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз хатшысы Нариман Дүйсекеев.
«Аталған факті бойынша «Алматы-1» станциясындағы желілік полиция басқармасы еңбек қағидаларын бұзу бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта аталған жайтты толық анықтау мақсатында тергеу амалдары жүргізілуде. Оның нәтижесі бойынша заңды процессуалдық шешім қабылданатын болады», - деді ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаменті бастығының орынбасары Мәлік Қайбар.
Қазір оқиғаның нақты себептері мен жауаптыларды анықтау мақсатында тиісті органдар тексеріс жүргізіп жатыр.
Айта кетейік, түсірілім барысында біз вагондарға жауапты жекеменшік тасымалдаушыға хабарластық. Алайда маман сұрақтарға жауап беруден бас тартты.
Әйкерім Пернебек, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Қарағандыдағы 4 теміржолшы қаза тапқан оқиғаның жай-жапсары айтылды