«Екі ел – бір кеңістік»: Алматыда өзбекстандық суретші Нодир Бабамурадовтың алғашқы жеке көрмесі өтті
Экспозицияға автордың кейінгі төрт жылда жарыққа шыққан елуге жуық кескіндемелік жұмысы қойылды
«Екі ел – бір кеңістік». Өзбекстандық суретші осындай атаумен алғашқы жеке көрмесін Алматының ең биік нүктесі Көктөбеде өткізді. Нодир Бабамурадов – талантты кескіндемеші әрі көптеген халықаралық байқаудың лауреаты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Экспозицияға автордың кейінгі төрт жылда жарыққа шыққан елуге жуық кескіндемелік жұмысы қойылды. 45 картинаның жартысы Өзбекстанға арналса, қалған туындыда Қазақстанның көрікті жерлері бейнеленген.
«Автордғ айтуынша, елдің табиғаты ерекше шабыттандырады. Оның «Жайлау», «Мұзтау», «Қапшағай», «Әсем қала - Алматы», «Түркістан көктемі» сияқты еңбектері Қазақстанға арналған
«Туындылардың көбі Қазақстанға байланысты болғандықтан алғашқы жеке көрмені Алматыда өткізейін депшештім. Мақсатым – Өзбекстан мен Қазақстан достығына үлесімді қосу. Картиналардың бәрі эскиз арқылы жазылған. Мен мұнда көп келемін, Қазақстан екінші үйім десем де болады», – деді суретші Нодир Бобомуродов (Өзбекстан).
Сонымен қатар Нодир Бабамурадов «Көкпар», «Аударыспақ», «Қыз қуу» шығармаларында ұлттық ойындар арқылы халықтың тұрмыс-тіршілігін, дәстүрі мен болмысын көркем бейнеге айналдырған. Одан бөлек, қаланың заманауи тынысын жеткізетін «Әл-Фараби көшесі», «Алматы көктемі» туындылары да көрмеге келген қонақтардың назарын аударды.
Айта кетейік, суретшінің туындылары Өзбекстан, Қазақстан, Түркия, Солтүстік Кипр және Әзербайжанда өткен көрмелер мен халықаралық өнер жобаларында таныстырылған. Бұдан бөлек, жеке коллекцияларда сақталған. Кәсіби мамандар көрмеге арнайы қонақ болып келіп, автордың шығармаларындағы кеңістіктің тереңдігі, жарық пен көлеңке динамикасы, тұмса табиғатты ерекше жеткізе білген шеберлігіне жоғары баға берді.
«Нодир Бабамұратов – негізі реалистік кескіндемені жалғастырушы шебер. Яғни, реализм бағытында шебер жұмыс жасайтын суретші. Сондай-ақ экспозициядағы шығармаларының тақырыптық ауқымы да кең. Мысалы тарихи немесе ұлттық бағыттағы туындыларын атап өтуге болады. Оның ішінде көне қалаларға арналған, көне Бұқара немесе Самарқан базары, ал Қазақстандағы көне Тараз қаласы немесе Қожа Ахмет Ясауи, Арыстан Баб кесенесінің бейнеленген образдарын көруге болады», – деді Ә. Қастеев атындағы ҚР Ұлттық өнер музейінің ғылыми қызметкері, өнертанушы Самал Мамытова.
Оқи отырыңыз: Жастар денсаулығы: Алматыда тағы 8 орталық ашу жоспарланып отыр