Екібастұзда ауруханада жатқан келіншек зейнеткердің 13 млн теңгесін ұрлап алған

Павлодар облыстық ПД баспасөз қызметі
Павлодар облыстық ПД баспасөз қызметі

Полиция ұрлық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Павлодар облысы Екібастұз қаласында инсульттен емделіп, ауруханада жатқан зейнеткер 13 млн теңгесін ұрлатып алған, деп хабарлайды Almaty.tv.   

Облыстық полицияның баспасөз қызметінен хабарлағандай, қаррияның ақшасын бейтаныс адам алып кеткен.

"Полиция осы қылмысты ашуға бағытталған шаралар қабылдады. Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде зейнеткердің 28 қарашадан 2 желтоқсанға дейін инсульт бөлімшесінде ауруханада емделгені анықталды", - делінген ПД хабарламасында.

Қариямен бірге палатада бірнеше пациент болған, олардың барлығын тергеуші сұрады.

"Нәтижесінде "Каспий" банкінің мобильді қосымшасына заңсыз кіру жолымен зейнеткердің шотынан ақша ұрлығын жасаған жас келіншек анықталды. Кінәсін мойындаған ол ұрлығы ашылып, өзін тауып алады деп ойламағанын айтқан", - делінген хабарламада.

Полиция ұрлық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы – келу туралы міндеттеме тағайындалды.

"Заң және тәртіп" қағидаты ішкі істер органдарының азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған қызметінің негізі болып қала береді.

"Тәртіп бұзушылар өз әрекеттері үшін міндетті түрде жауап береді", - деп хабарлады Павлодар облысының Полиция департаменті.

Оқи отырыңыз: "Майқайыңалтын" кенішінде жұмыскерді техника жаншып өлтірді

Новости партнеров