Заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды
Елімізде 2700-ден астам қоқыс полигонының небәрі 20 пайызы санитарлық талаптарға сәйкес келеді. Ал экологиялық ахуалы күрделі 1580 нысан тіркелген. Ресми мәліметтерге сәйкес, елде жыл сайын атмосфераға шамамен 4 миллион тонна зиянды қалдық тарайды. Ал тұрмыстық қатты қалдықтардың көлемі 5 миллион тоннаға дейін жеткен. Мәжіліс мінберінде алаңдатарлық статистика жарияланып, экология саласындағы түйткілдер жан-жақты талқыланды. Депутаттар қоршаған ортаны қорғау, қалдықтарды өңдеу және полигондардың жағдайын реттеу мәселелеріне ерекше назар аударды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Экология мәселесі азаматтардың өмір сапасы мен денсаулығына тікелей әсер ететін аса өзекті тақырыптардың бірі болып отыр. Осыған байланысты Мәжіліс отырысында осы салаға қатысты жаңа заң жобасы кеңінен талқыланды. Өзгерістерге сәйкес, экологиялық деректерді бірыңғай ұлттық цифрлық жүйеге біріктіру және толық автоматтандырылған базаға көшіру ұсынылып отыр. Сонымен қатар қайта өңделген шикізатты кемінде 30 пайыз көлемінде пайдаланатын өндірушілерге жеңілдіктер беру көзделген. Дегенмен талқылау барысында депутат Азат Перуашев экологиялық бақылау мен тексеру тәртібіне қатысты кейбір баптарға қарсы пікір білдірді. Оның айтуынша, ұсынылып отырған өзгерістер бизнеске қосымша жүктеме түсіріп, артық тексерулердің көбейтуі мүмкін.
«Экологиялық бақылау шараларын Кәсіпкерлік кодекстің 129-бабынан алып тастау және тексеру тәртібін өзгерту туралы түзетулермен түбегейлі келіспейміз. Біздің фракция мұндай тәсілді қолдамайды. Себебі бұл кәсіпкерлер мен тексерушілер арасындағы тепе-теңдікті бұзады. Яғни бақылаушы орган кәсіпкерден жоғары тұратын жағдай қалыптасады. Бұл өз кезегінде бизнеске қосымша әкімшілік қысым түсіріп, тексерулерді көбейтуі мүмкін. Егер тексеру ережелері заңнан алынып тасталса, онда оларды әр ведомство өз мүддесіне қарай өзі белгілейді. Бұл кәсіпкерлер үшін заңсыз қысым жасау қаупін арттырады», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Азат Перуашев.
Заң жобасын таныстырған Еділ Жаңбыршин әріптесінің бұл пікіріне үзілді-кесілді қарсы шықты. Депутаттың айтуынша, құжаттағы нормаларды кәсіпкерлікке кедергі ретінде бағалау негізсіз. Сонымен қатар ол қоршаған ортаны қорғау мәселесі экономикалық мүддеден кейінгі орынға ысырылмауы тиіс екенін ерекше атап өтті.
«Ертең Атырауда АМӨЗ сероводород шығарып жатса, үш күн күтіп отырамыз ба? Бүкіл Атырауды қырып тастап. Маңғыстауда азот немесе басқа да газдар шығарылып жатса немесе қасындаы битум зауыты1 км жерде тұр. Кейбір кәсіпорындар сағат 03:00-де зиянды заттарды лақтырады.Кеше «Қазцингте» үш адам қайтыс болды. Кім жауап береді? Кім оның қанын мойнына алады? Сөйлеп отырған депутаттар, сіздер аласыздар ма? Кәсіпкерлік кодексте бәрін бүлдірдік, шахтада адам өлді, Маңғыстауда 1500 бала тамақтан уланды, сіздерге адамның өмірі қымбат па, ақша қымбат па?» – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин
Сөз алған Мәжіліс депутаты Абзал Құспанның айтуынша, бұл мәселеде бір тарапта кәсіпкерлердің мүддесі тұрса, екінші тарапта Қазақстан халқының экологиялық қауіпсіздігі тұр.
«Үш жылдың үстінде позициям кәсіпкерлердің құқығын қорғауға бағытталған. Көп депутаттық сауалдарым кәсіпкерлердің құқығын қорғауға бағытында берілді. Бірақ бұл жолы экологиялық мәселеге басымдық беремін», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Абзал Құспан.
Айта кетейік, жаңа заң жобасындағы өзгерістер мұнымен шектелмейді. Париж келісімі аясында көміртектік офсеттер енгізіліп, орман және жайылым жобалары арқылы көміртек бірліктерін нарықта сату тетігі қарастырылған. Сондай-ақ қалдықтарды басқару мен тариф белгілеу құзыреті жергілікті атқарушы органдарға беріледі. Бұдан бөлек, «Қазгидромет» қызметі ішінара бәсекелі ортаға шығарылып, оның стратегиялық функциялары мемлекет құзырында қалады. Артық шығарындылар үшін жауапкершілік тәртібі де нақтыланбақ. Депутаттардың қызу талқылауынан кейін заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
Мәди Бижан, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Астана
Оқи отырыңыз: Қазақстанды велосипедпен аралап жүрген жиһангез бойжеткен Алматыға жетті