Ел намысын қорғап жүрген қос спортшыға білім гранты табысталды
Бакалавр деңгейін тәмамдаған соң жаттықтырушы ретінде кәсіби еңбек жолын бастайды
Байрақты бәсекелерде ел намысын қорғап жүрген қос спортшыға білім гранты табысталды. Дзюдодан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Шерзод Давлатов пен құзға өрмелеуден Азия ойындарының қола жүлдегері Дамир Тоқтаров енді спорттағы жетістігінің жемісін көрді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
19 жастағы Дамир Тоқтаров Азия ойындарында 4,76 секундтық нәтижемен құзға өрмелеуден ел тарихындағы тұңғыш қола медальді жеңіп алды. Халықаралық аренада ел намысын абыроймен қорғаған жас спортшыға білім гранты табысталды. Бұған дейін ақылы негізде білім алған Дамир енді оқуын тегін жалғастырады. Мұндай мүмкіндік дзюдодан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Шерзод Давлатовқа да бұйырды.
«Азия ойындарының қола медалі иелендім, өте қуаныштымын және өмірімде ең маңызды жарыс. Келесі жылғы жоспарым – Олимпиадаға іріктеуден өту және де Олимпиадаға қатысу», – деді Азия ойындарының қола жүлдегері Дамир Тоқтаров.
Грант иегерлері алдағы жылдары Алматыда өздері оқитын университетте «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша тегін білім алады. Бакалавр деңгейін тәмамдаған соң жаттықтырушы ретінде кәсіби еңбек жолын бастайды.
«Бүгін – ерекше күн. Университетіміздің құрылтайшысы София Арғынқызының қолдауымен халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап жүрген 2 спортшымызға білім грантын табыстадық. Шерзод Давлатов пен Дамир Тоқтаров бұған дейін ақылы негізде білім алған. Енді алдағы үш жыл бойы тегін оқиды. Осындай талантты жастарымыз көбейе берсін!» – деді Алматы гуманитарлық-экономикалық университетінің ректоры Валерий Корвяков.
Дамир Тоқтаров білім алумен қатар, үлкен спортта да жоғары нәтижелерге қол жеткізуге ниетті. Алдағы халықаралық додаларда ел намысын абыроймен қорғап, жеңіс тұғырынан көрінуді мақсат етіп отыр.
Мәди Мәлік, Хангелді Ахметханов
Оқи отырыңыз: Алматыда Пушкин көшесінде көлік қозғалысы уақытша шектеледі