Синоптиктердің болжамынша, алдағы күндері елдің 17 облысында дерлік қауіпті метеорологиялық құбылыстар тіркелуі мүмкін
Елде ауа райы күрт бұзылып, бірқатар өңірде қатты аяз бен боран күшейді. Синоптиктердің мәліметінше, кей аймақтарда ауа температурасы –30 градусқа дейін төмендеуі мүмкін, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қазірдің өзінде бірнеше облыста ақ түтек боран соғып, жол көктайғақ болып жатыр. Қолайсыз ауа райының салдарынан бірқатар елдімекендерде мектептер онлайн форматқа көшті.
Атап айтқанда, Ақтөбе мен Семей облыстарында барлық оқушылар қашықтан білім алуда. Ал Астана мен Қостанайда 9-сыныпқа дейінгі оқушылар сабақтарын үйден оқуға мәжбүр. Осындай шешім Өскемен қаласында да қабылданған. Боран көлік қозғалысына да әсер етуде. Әсіресе әуе қатынасында қиындықтар туып, кей рейстердің ұшуы кейінге шегерілген. Синоптиктердің болжамынша, алдағы күндері елдің 17 облысында дерлік қауіпті метеорологиялық құбылыстар тіркелуі мүмкін.
«Қазақстан аумағының көп бөлігінде атмосфералық фронттардың әсерінен ауа райы тұрақсыз болады, жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын жауады. Елдің солтүстік-шығысында және орталығында қалың қар жауады, ал оңтүстік пен оңтүстік-шығыста кей кездері күшті жауын-шашын қар аралас жаууы мүмкін. Республика бойынша жел күшейіп, көктайғақ, тұман түседі», – деді «Қазгидромет» РМК баспасөз хатшысы Аружан Мұратова.
Оқи отырыңыз: Астана – Қарағанды тас жолында жолаушы көз жұмды