Елде дәрі-дәрмек құнына бақылау күшейтілмек

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елде дәрі-дәрмек құнына бақылау күшейтілмек. Денсаулық сақтау министрлігі шекті бағалар белгіленетін препараттардың жаңартылған тізімін әзірледі. Ведомствоның мәліметінше, бұл өзгерістер әлеуметтік маңызы бар дәрілік заттардың халық үшін қолжетімділігін сақтауға және фармацевтикалық нарықтағы баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Мәселеге қатысты сұрақтарға студия қонағы Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіпов жауап береді.

– Бауыржан мырза, жаңартылған тізім туралы толықтырсаңыз?

«Дәріханаларда сатылатын дәрілерге шектік бағаны бекіту бойынша ДСМ функциясы бар. Ол 2021 жылдан бастап енгізілді. Қазіргі таңда 5 мыңға жуық дәрі-дәрмекке шектік баға бекітілген. Бірақ соңғы өзгерістерге байланысты тек рецептпен сатылатын және де 1 АЕК бағасынан жоғары дәрілерге шектік бағаны белгілеу функциясын енгіздік. Олардың саны 2 мыңнан асты. Қалған дәрі-дәрмектер дәріханаларда шектік бағамен белгіленбейді, нарықтық бағаға сай сатылады».

– Бағаны реттеу механизмі дәрі-дәрмектің негізсіз қымбаттауын қаншалықты тоқтата алады және бақылау қалай жүргізіледі?

«Шектік бағаны бекіту бойынша бақылау жүргіземіз. Бізде ең басты мәселе –бақылауды барынша цифрландыру. Қазіргі таңда 2024 жылдан бастап арнайы таңбалау жүйесін енгізгенбіз. Елімізге кіргізілетін кез келген дәрі-дәрмекке сол таңбалау коды енгізіледі. Сол бойынша жаңағы дәрі-дәрмек туралы бүкіл дерек арнайы ақпараттық жүйемізге енгізіледі. Ол қай жерде өндірілгенін және қашан біздің елімізге жеткізілгенін, сондай-ақ қай дәріханада сатылатынын көріп отырамыз. Сонымен қатар таңбалау жүйесінде дәрі-дәрмектің қандай бағамен сатылатынын да бақылай аламыз. Егер де ол дәріге шектік баға болса, кез келген азамат дәріханадан дәрі-дәрмекті сатып алған кезде, шектік бағадан жоғары болса, комитетке, жергілікті жердегі департаментке арнайы өтініш жолдай алады. 

Сонымен қатар таңбалау жүйесіне арналған «Нақты өнім» деген мобильді қосымша. Кез келген телефонға мобильді қосымшаны орнатып, кез келген азаматымыз дәріханадан дәрі-дәрмекті сатып алған кезде, дәрі-дәрмектің қобдишасында таңбалау коды болады. Сол кодты QR арқылы тексеріп, дәрі-дәрмектің біріншіден қайдан келгенін және қалай жеткізілгенін, екіншіден сол дәрі-дәрмектің шектік бағасы қандай екенін көреді. Егер де дәрі-дәрмек сол шектік бағадан жоғары сатылып жатса, мобильді қосымша арқылы арнайы ақпараттық интеграция негізінде е-өтініш жүйесі бойынша шағымын жолдауына болады. Біз сол бойынша тиісті дәріханаларды жауапкершілікке тартамыз. ҚР заңнамасына сәйкес әрбір осындай құқық бұзушылыққа арнайы айыппұл мөлшері көзделген. Яғни кейбір жағдайларда сол жауапты тұлғаларға 100 АЕК-тен астам айыппұл белгіленеді.

– Бағаны мемлекеттік бақылау дәріханалардағы дәрі-дәрмек тапшылығына немесе жеткізілім мәселелеріне әсер етпей ме?

«Дәрі-дәрмектің бағасын бақылау процесі –дүние жүзінде енгізіліп отырған мәселе. ДСМ үшін ең бастысы – ел нарығын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету. Яғни сол дәрі-дәрмектердің ассортиментін кеңейту, қажетті инновациялық дәрі-дәрмектердің болуын қамтамасыз ету және де екінші мәселе  сол дәрі-дәрмектің әділ бағамен сатылуын қамтамасыз етуіміз керек. Енді сіздің қойып отырған сұрағыңызға байланысты, сол себептен де дәрі-дәрмекке шектік баға бекіту тізімін барынша азайтып жатырмыз. Кейінгі жылдары шектік бағасын бекіту принципінен мүмкіндігінше кетеміз. Яғни дәрінің бағасы негізі нарықпен белгіленуі керек. Бірақ дәрінің бағасын нарықпен белгілеу үшін әрбір дәрі-дәрмектің бірнеше позициясы болуы керек»

Оқи отырыңыз: Полицей суға батып бара жатқан ер адамды құтқарып қалды