Алдымен жауаптылар көліктерді қабылдап, өңдейтін кәсіпорындарды анықтап, олармен келісімшарт жасайды
Елде ескі көліктерді утилизациялау бағдарламасы қайта қосылмақ. Оны жүзеге асыру екі кезеңнен тұрады. Алдымен жауаптылар көліктерді қабылдап, өңдейтін кәсіпорындарды анықтап, олармен келісімшарт жасайды. Одан кейін автокөлік пен ауыл шаруашылығы техникасын кәдеге жарату өтінімдерін қарау басталады. Қазірше көліктерді қабылдаудың нақты мерзімі жарияланған жоқ, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Әбден тозып, жиі бұзылатын көлігіңізді кімге, қайда сатарыңызды білмей жүрсіз бе? Енді мұндай ескі темір тұлпарды кәдеге жаратуға мүмкіндік берілуі мүмкін. Қазақстанда автокөліктерді утилизациялау бағдарламасын қайта іске қосу ұсынылды. Жоба жүзеге асса, ескі көлігін өткізген азаматтарға арнайы сертификат беріледі. Оның құны әзірге белгісіз. Базалық мөлшерлемеге қатысты нақты шешім де қабылданған жоқ.
«Қазіргі уақытта пайдаланудан шыққан көлік құралдарын және өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасын қабылдау, қайта өңдеу және кәдеге жарату жұмыстарын жүзеге асыратын қайта өңдеушілерді анықтау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жеңілдік мөлшері автокөлік құралдарының санаттарына және өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасының түрлеріне қарай белгіленеді», – деді ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі.
«Экологияға пайдасы бар. Мысалы ескірген көліктен шығатын түтіннің де ауаға ласы да көп. Одан май, бензин ағады дегендей барлық жағынан зияны бар. Шамдары жанбайды, тежегіштері ұстамайды», – деді автосарапшы Арман Ашмұханов.
Дегенмен мамандар «бұл бастамаға байланысты түпкілікті қорытынды жасауға әлі ерте» дейді. Себебі ескі көлік үшін берілетін өтемақы қолма-қол ақша түрінде емес, арнайы сертификат арқылы ұсынылса, азаматтар жаңа көлік алу үшін несие рәсімдеуге мәжбүр болуы мүмкін.
Көлік тізгіндеген қала тұрғыны Кенесары Хамзин де ескі көлік үшін берілетін өтемақы халыққа тиімді болса, бұл бастаманың ел азаматтары үшін оң шешім болатынын айтады.
«Негізі ескі көлігін тапсырғанда ақшалай қаражат беретін болса, жақсы деп ойлаймын. Тым болмаса алғашқы жарна салып, жаңа көлік ала алады деп ойлаймын», – деді қала тұрғыны Кенесары Хамзин.
«Оны мәжбүрлеп жаңа көлік алуға сертификат ретінде берсе, ол әркімнің қалтасы көтере бермейді. Біреу мысалы несие алғысы келмейді. Ол ескі көлікте өз еркімен жүрген жоқ, ол мәжбүр. Жаңағы сертификатты қолдануы үшін жаңа көлік алатын болса, несиге рәсімдеуге тура келсе,жобаның кемшіліктері бар», – деді автосарапшы Арман Ашмұханов.
Айта кетейік, бұған дейін елімізде ескі көліктерді утилизацияға тапсыруға арналған бағдарлама 2016 жылдан 2022 жылдың қаңтарына дейін жұмыс істеген. Осы уақыт аралығында ел бойынша 219 мыңға жуық көлік кәдеге жаратуға қабылданған. Оның 215 мыңнан астамы жеңіл және басқа да автокөліктер болса, 3 жарым мыңға жуығы - ауыл шаруашылығы техникасы.
Мәди Бижан, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Астана
Оқи отырыңыз: Қазақстанда құрылыс материалдарын өндіру бойынша 19 жаңа жоба іске қосылды