Биыл 9 айда Антифрод-орталығы арқылы алаяқтыққа қатысы бар шоттардағы 5,5 миллиард теңге бұғатталған
Қазақстанда биыл 3 айда 1600-ге тарта киберқылмыс анықталып, 700-ден аса адам ұсталған. Оның жиырма екісі – шетел азаматы. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, осы кезеңде бұрын жасалған 917 қылмыс ашылып, 97 адам қамауға алынған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Сондай-ақ 9 айда интернеттегі 82 мыңға жуық заңсыз ресурс анықталып, бұғатталыпты. Одан бөлек, полиция әлеуметтік желілердегі тікелей эфирлерді бақылап, өзіне қол жұмсамақ болған азаматтарды анықтаған.
«Қызметкерлер азаматтардың өз-өзіне қол жұмсауды алдын алды. Әлеуметтік желілер арқылы тікелей эфирлерде отырып, өзіне қол жұмсағысы келген азаматтар анықталып, оларға дер кезінде тиісті шаралар қабылданды. Нәтижесінде жыл басынан бері 30-дан астам азаматтың өмірі мен денсаулығына зиян келтіруге жол берілмеді», – деді ҚР Ішкі істер министрлігі Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбай.
Елде интернет-алаяқтық саны 21 пайыз азайған. Ал қылмыстарды ашу көрсеткіші 29 процентке өсіп, ашылмаған қылмыстық істер саны 12 пайыз төмендеген.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, биыл 9 айда Антифрод-орталығы арқылы алаяқтыққа қатысы бар шоттардағы 5,5 миллиард теңге бұғатталған. Оның 617 миллион теңгесі жәбірленушілерге қайтарылды. Сондай-ақ дропперлердің әрекетіне байланысты мыңнан астам қылмыстық іс қозғалған.
«Әр бір күмән тудыратын антифрод жүйесіне енгізілген операция бойынша ішкі істер органдары тарапынан 76 мыңнан астам инцидент тіркелген. Күмән тудыратын дропперлердің нақты әрекеті бойынша мыңнан астам қылмыстық іс тіркелген болатын. Оның ішінде 400-ден астамы қылмыстық жаупкершілікке тартылған», – деді ҚР Ішкі істер министрлігі Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма бастығы Бейбіт Біржанов.
Оқи отырыңыз: Электронды қорғаныс аймағы: Айжан Аймағанова зорлық-зомбылыққа тосқауыл қоюдың жаңа тетігін ұсынды