1 шілдеден бастап елімізде Құрылтайға қатысты жаңа заң күшіне енеді
1 шілдеден бастап елімізде Құрылтайға қатысты жаңа заң күшіне енеді. Бүгін Парламенттің бірлескен отырысында құжат бірінші оқылымда мақұлданды. Жаңа заңға сәйкес, Құрылтай құрамына 145 депутат енеді. Олар пропорционалдық жүйе арқылы сайланып, өкілеттік мерзімі 5 жыл болады. Бұдан бөлек, отырыста Президент туралы және сайлау жүйесіне қатысты заң жобалары да қаралып, депутаттардың қолдауына ие болды, деп хабарлайды
Парламентте жаңа Конституцияға сәйкес заңнамаларды жаңарту жұмысы басталды. Бүгінгі бірлескен отырыста Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев алдымен «Президент туралы» Конституциялық заң жобасын таныстырды. Құжат 8 тарау мен 43 баптан тұрады. Онда Президент пен вице-президенттің құқықтық мәртебесі, сондай-ақ жоғары билік органдарының қызметі айқындалған. Министр вице-президенттің міндетіне де тоқталып, бұл қызмет мемлекеттік жүйенің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін енгізіліп отырғанын айтты. Оның сөзінше, вице-президент жеке мемлекеттік органды басқармайды, тек Президент атынан өкілдік етеді.
Айта кетейік, Әділет министрі 2022 жылы енгізілген президенттіктің бір реттік жеті жылдық мерзімі, Мемлекет басшысының партиясыз болуы және оның жақын туыстарына қатысты шектеулер өз күшінде сақталатынын мәлімдеді.
«Конституцияда Мемлекет басшысының рөлі – мемлекеттік биліктің барлық тармақтарының келісімді әрі кедергісіз жұмыс істеуін, сондай-ақ билік органдарының Қазақстан Республикасының біртұтас халқы алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз ететін жоғары лауазымды тұлға ретінде бекітілген. Осы ретте «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық заң жобасы мемлекеттік биліктің жаңа конституциялық архитектурасын дәйекті түрде іске асырады», – деді ҚР Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев.
Сондай-ақ елде Құрылтай депутаттарының өкілеттік мерзімі 5 жыл болып белгіленетіні мәлім болды. Бұл норманы халық қалаулылары бірінші оқылымда қолдады. Жаңа заң жобасына сәйкес, Құрылтайдың құзыретіне заң қабылдау, мемлекеттік органдарды қалыптастыруға қатысу және парламенттік бақылау тетіктерін жүзеге асыру өкілеттіктері енгізіледі.
«Заң жобасы Құрылтайдың Үкіметпен өзара іс-қимыл жасау тәртібін айқындайды, сондай-ақ депутаттардың мәртебесін, олардың құқықтары мен міндеттерін бекітеді. Сонымен бірге заң жобасында Құрылтай – Қазақстан Республикасы Парламентінің құқықтық мирасқоры болатыны туралы тиісті норма бар.Заң қабылданып күшіне енетін болса, Парламент Мәжілісіне енгізілген заң жобаларын Құрылтай осы Конституциялық заңға және Құрылтайдың регламентіне сәйкес қарайды. Заң жобасы осы жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енеді», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Айдос Сарым.
Елде сайлау жүйесіне де өзгерістер енгізіледі. Түзетулердің бірі әкім сайлауындағы қайта дауыс беру тәртібіне қатысты. Егер кандидаттар тең дауыс жинаса, аумақтық сайлау комиссиясы бір ай ішінде қайта дауыс беру туралы шешім қабылдайды. Сондай-ақ кандидаттарды ұсыну тәртібі де нақтыланды. Жаңа талапқа сәйкес, енді бір адам бір мезетте әрі мәслихат депутаттығына әрі әкім лауазымына кандидат бола алмайды. Оған қоса, бірнеше сайлау округі бойынша әкімдікке үміткер ретінде тіркелуге де тыйым салынады. Бұдан бөлек, үгіт-насихатқа да қатысты жаңашылдықтар бар.
«Кандидаттар мен саяси партияларға сайлау қорларынан тыс қаржыландыру тартуға тыйым салынады. Кандидаттарды қолдау үшін қол жинау тәртібі нақтыланды. Әкім болуға ұсынылған кандидатқа қол жинау сайлау округіндегі елдімекендер санының жартысының өкілдерін және сайлаушылардың жалпы санының 1 пайызын қамтуы тиіс», – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Алатау қаласының құқықтық мәртебесі туралы заңға қол қойды. Онда шаһарда инвестиция тартуға, инновацияны дамытуға және экономикалық өсімді қамтамасыз етуге бағытталған ерекше экожүйе қалыптастыру көзделген. Құжатқа сәйкес, кәсіпкерлік, кеден ісі, цифрлық активтер, қаржы нарығы, қала құрылысы, экология, мәдениет және спорт салаларын реттеудің жаңа қағидалары енгізіледі.
Мәди Бижан, Данияр Омар, Әлихан Өтеген
Оқи отырыңыз: Вице-президентті Құрылтай келісімімен Президент тағайындайды — заң жобасы