Вице-президентті Құрылтай келісімімен Президент тағайындайды — заң жобасы

Ақорда
Ақорда

Бұл ретте кандидатқа қойылатын біліктілік талаптары нақты айқындалған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Президенттің Қазақстан Халық Кеңесіне қатысты өкілеттіктері бекітіледі. Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық заң жобасын таныстырған Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Kazinform-ға сілтеме жасап.

— Заң жобасы кешенді сипатқа ие. Ол 8 тарау мен 43 бапты қамтып, құқықтық реттеуді жүйелейді. 1-тарауда Қазақстан Республикасы Президентінің мәртебесі айқындалады, оның ішінде қызметке кірісу тәртібі, өкілеттік мерзімі және Президент лауазымын атқаруға байланысты шектеулер қарастырылады. Президентті сайлау тәртібіне, ант беру мерзімдеріне, сондай-ақ өкілеттік мерзімдеріне қатысты нормалар кезектен тыс сайлау институтынан бас тартуды ескере отырып, нақтыланды. Осы орайда 2022 жылы енгізілген суперпрезиденттік басқару нысанынан бас тартуға бағытталған тұжырымдамалық қағидаттар өзгеріссіз сақталғанын бөлек атап өткім келеді. Бұл — Президенттің бірреттік жеті жылдық өкілеттік мерзімі, оның жақын туыстарына қатысты шектеулер және Президенттің саяси партиядан тыс болуы туралы нормалар, — деді министр.

Оның айтуынша, 2-тарауда Конституцияға сәйкес Президенттің өкілеттіктері белгіленген. Оның ішінде сыртқы және ішкі саясаттың негізгі бағыттарын айқындауға қатысты құзыреттер, Құрылтаймен, Үкіметпен және өзге де мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл, сондай-ақ кадрлық мәселелер мен норма шығару функциялары айқындалады. Алғаш рет жеке бапта Президенттің Қазақстан Халық Кеңесіне қатысты өкілеттіктері бекітіледі. Олардың қатарында Кеңестің құрамын бекіту және ұйымдастырушылық инфрақұрылымды қалыптастыру мәселелері көзделген. Бұл жоғары консультативтік органның мемлекеттік басқарудың жалпы жүйесіне үйлесімді қосылуын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ Адам құқықтары жөніндегі уәкілге қатысты Президенттің өкілеттіктерін реттейтін жеке норма енгізіледі. Президент Конституцияға сәйкес омбудсменді тағайындайды және оның жыл сайынғы баяндамасын тыңдайды. Бұл азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың институционалдық кепілдіктерін күшейтеді.

— Заң жобасының негізгі новелласы — конституциялық деңгейде енгізілген жаңа институт — Қазақстан Республикасының Вице-Президентін іске асыру болып саналады. Ол мемлекеттік басқару жүйесінің тұрақтылығын арттыруға және жоғары билік органдарының үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған, — деді ол.

Министрдің мәліметінше, 3-тарауда Вице-Президентті тағайындау тәртібі белгіленеді — ол Құрылтайдың келісімімен Президентпен тағайындалатын болады. Бұл ретте кандидатқа қойылатын біліктілік талаптары нақты айқындалған. Сонымен бірге оның өкілеттігін тоқтату негіздері, жоғары лауазымды тұлға мәртебесіне ұқсас шектеулер қарастырылады.

— Вице-Президенттің негізгі функциясы — Президенттің тапсырмасы бойынша мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау кезінде Президент атынан өкілдік ету. Сонымен қатар Вице-Президенттің өкілеттіктерін егжей-тегжейлі реттеу Президенттің актілері негізінде жүзеге асырылатын болады. Бұл құқықтық реттеудің икемділігін қамтамасыз етіп, мемлекеттік басқарудың практикалық міндеттеріне бейімделуге мүмкіндік береді. Вице-Президенттің қызметін Мемлекет басшысының Әкімшілігі қамтамасыз етеді. Конституциялық заң жобасында Президент актілері мәселелеріне ерекше назар аударылған. 4-тарауда Конституцияда көзделген жағдайларда (Құрылтай өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылып, оның уақытша болмауы кезеңінде) конституциялық заң не заң күші бар жарлықтар шығару мүмкіндігі қарастырылған. Бұл конституциялық шектеулерді сақтай отырып, мемлекеттік басқарудың жеделдігін қамтамасыз етуге бағытталған, — деді Ерлан Сәрсембаев.

Оның айтуынша, 5-тарауда ұсынылып отырған өзгерістер жоғары мемлекеттік биліктің институционалдық тұрақтылығын және мемлекеттік басқару жүйесінің тұтастай үйлесімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.

— Одан әрі 6 және 7-тараулар Президент қызметін қамтамасыз ету және экс-Президенттердің мәртебесіне қатысты мәселелерді реттейді. Олардың нормалары жаңа Конституцияға сәйкес нақтыланып, сәйкестендірілген. Жалпы алғанда, «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық заң жобасы: Біріншіден, «Күшті Президент — ықпалды Парламент — есеп беретін Үкімет» қағидатын институционалдық тұрғыда бекітуді қамтамасыз етеді. Екіншіден, жоғары мемлекеттік билік органының тиімділігі мен орнықтылығын арттырып, Президенттің тұрақтылық кепілі ретіндегі үйлестіруші рөлін нығайтады. Үшіншіден, Президент өкілеттіктерінің конституциялық институттармен, оның ішінде жаңадан қайта құрылатын институттармен жүйелі өзара байланысын күшейтеді. Төртіншіден, Вице-Президент институтын енгізу арқылы мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіреді. Бесіншіден, қолданыстағы заңнаманы билік тармақтарының өзара іс-қимылының жаңа конституциялық моделіне бейімдеуді, сондай-ақ саяси жаңғырту мен заң үстемдігін әрі қарай нығайтуға тұрақты құқықтық негіз қалыптастыруды қамтамасыз етеді, — деді министр.

Оқи отырыңыз: Парламент Президент туралы Конституциялық заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

Новости партнеров