Елде республикалық патриоттық әндер байқауы жарияланды
Туындыларды композиторлар, ақындар мен музыка мамандарынан құралған сарапшылар кеңесі бағалайды
Ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында республикалық патриоттық әндер байқауы жарияланды. Байқау Отан, туған жер және ел бірлігі тақырыбындағы жаңа туындыларды танытуға, талантты авторларды анықтауға және заманауи патриоттық әндер қорын толықтыруға бағытталады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Байқауға еліміздің барлық өңірінен ақындар мен композиторлар, соның ішінде шығармашылық жолын енді бастаған авторлар қатыса алады. Бұған дейін жарияланбаған және орындалмаған әндер қабылданады.
Мәдениет және ақпарат министрлігі мәліметінше, байқау үш бағыт бойынша өтеді. Олар: салтанатты патриоттық әндер, лирикалық патриоттық әндер және заманауи патриоттық әндер. Қатысушылар бір немесе бірнеше бағыт бойынша шығарма ұсына алады.
Туындыларды композиторлар, ақындар мен музыка мамандарынан құралған сарапшылар кеңесі бағалайды. Сарапшылар баға беруде әннің әуені, мәтінінің сапасы, авторлық идеясының тың болуы және тыңдарманға әсерін негізге алады.
Сарапшылар кеңесінің мүшесі, ақын Қалқаман Сариннің айтуынша, байқау Отан мен ұлттық болмыс тақырыбын арқау ететін әрі тыңдарман көңілінен шығатын әндердің жазылуын көздейді.
Байқаудың жалпы жүлде қоры – 30 млн теңге. Қаражатты демеушілер бөлген. Жүлделер төмендегідей белгіленген:
• Бас жүлде – 6 млн теңге;
• I орын – әрқайсысы 4 млн теңгеден үш жүлде;
• II орын – әрқайсысы 3 млн теңгеден үш жүлде;
• III орын – әрқайсысы 1 млн теңгеден үш жүлде.
Оқи отырыңыз: Қансонар – 2026: Ақмола облысында құсбегілік турнир мәресіне жетті